RU
Толық нұсқаға өту

Димаш Мadison Square Garden сахнасында концерт берді

06.10.2025, 22:03 740

Әлемге танымал әнші, жерлесізіміз Димаш Құдайберген Нью-Йорктің әйгілі сахнасы Madison Square Garden-де концерт берді.

Талай жұлдыздың арманына айналған сахнада өзінің әлемдік Stranger туры аясында өнер көрсетті. Бұл жерде кезінде Майкл Джексон, Битлз, Элвис Пресли, Андреа Бочелли, Мадонна сынды өнерпаздар ән шырқаған. 

Бұл – Димаш Құдайбергеннің постері. Ал мына жұрт Димаш Құдайбергеннің концертіне келген көрермен. Дәл қазір кезекте тұр. Бұл – Нью-Йорк, ал мынау – Мэдисон Скуэйер Гарден сахнасы. Әлемнің барша жұлдыздары дәл осы сахнада өнер көрсетуді армандайды. Бүгін ТМД елдерінің арасында бірінші болып, қазақстандық жұлдыз, біздің әншіміз Димаш Құдайберген қазір өнер көрсеткелі жатыр.

20 мың адам сыятын арена халықты бір сағат бұрын кіргізіп бастаса да, қонақтың көптігінен үлгере алмай жатты. Араға алты жыл салып АҚШ-қа қайта оралған әлемге әйгілі жерлесіміздің кешін америкалық көрермен зор қуанышпен қарсы алды.

Көп күттірмей концерт те басталды. Кеш шымылдығын Голден әні ашып, ән әлемінің «алтын адамы» сахнаға шықты. Қазақтың қара домбырасы күмбірледі, халық әндері шырқалды, аңыз әфсаналар да айтылды. Төл тарихымыздан сыр шертіліп, ою өрнегіміз сахнаның сәнін кіргізді. Жуырда Димаштың хитіне айналып үлгерген Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін жұрт бірге шырқады. Үзілісте әншінің өзі ағынан жарылып, көптен бері аңсаған арманының бірі орындалғанын айтты.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Дәл қазір осы тұрғанда мен қарапайым қазақтың арман қуған, Ақтөбе қаласында туып өскен кішкентай ғана бала едім. Ер жеттім, жігіт болдым. Дей тұрғанмен дәл бүгінгі күні әлемдегі ең бірінші, танымалдылығы жағынан, нөмір бірінші стадион болып саналатын Madison Square Garden-де қазақша әнімізді, қазақ тілімізді насихаттап, оның үстіне жергілікті көрерменге әлемнің түкпір-түкпірінен келген халық біздің тілге, біздің өнерге қошеметін көрсетеді дегенді кезіндегі Димашқа айтса мен сенбес едім. Барлығы сіздердің тілектеріңіздің, дұғаларыңыздың, сіздердің мені осы күнге дейін кем-кетігіме көз жұмып, нұрымды тасытып, шашбауымды көтеріп, қолдап келе жатқандарыңыздың арқасында деп білемін. Сол себептен барлықтарыңызға мың мәрте рахмет!

Түрлі жанрда, түрлі тілдердегі әндер де болды. Жаңа әнінің тұсауы да кесілді.

Кеште Димаштың Інісі Әбілмансұр да өнер көрсетті. Әншінің концерті үш сағатқа созылса да, әп сәтте өте шықты. Әр ән көрерменнің көңілін елітіп, жүрегін елжіретті.

Эрик, тыңдарман:

- «Стрейнжер» деген әнді ерекше ұнаттым. Жұбайым айтқандай, Димаш сахнада барын салды. Өнеріне осынша беріліп, тыңдарманды бірден баурап алатын әншіні бұрын көрмеппін. Оны сипаттауға сөзім жетпейді. Үй-ішімізбен Димаш енді АҚШ-қа келсе, концертіне қалмай барамыз деп серт бердік.

Димашты 2022 жылдан бері тыңдаймын. Қазақстанға да бірнеше рет барғам. Астана мен Алматыда достарым бар. Осы шапан мен сырғаны солар сыйлаған. Бүгін Димаштың концертіне арнайы киіп келдім.

Джонатан, тыңдарман:

- Концерт тамаша өтті. Оның сахнада өзін ұстауы, ән айту мәнері ерекше. Адамды баурап алады. Тіпті қазақша ән айтып кеттік. Ол орындаған әрбір әннің өз сиқыры мен сыры бардай. Бәрі керемет болды.

АҚШ-тағы өнер кеші алда оңтүстікке қарай жылжып, Мексикада өтіп, Атлант асып, Испания, Ұлыбритания, Германия және Латвияға жалғасады. Ригадағы концерт Димаштың 2025 жылға арналған шетелдік гостролінің қорытындысы болмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz