RU
Толық нұсқаға өту

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа тура екі жыл толды

07.10.2025, 10:13 455

Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына бүгін тура 2 жыл. Дәл осы күні ХАМАС Израильді атқылап, әлемдегі ең қуатты барлау қызметтерінің бірін абдыратқан еді, деп хабарлайды 24kz.

Шабуыл шекара маңындағы электронды музыка фестивалінен басталған. ХАМАС мүшелері шекараны бұзып, елді мекендер мен әскери нысандарға басып кіреді. Сол кезде ондаған Израиль азаматы оққа ұшты. Жүздеген адамды ХАМАС мүшелері тұтқынға алды. Осыдан кейін Израиль қорғаныс әскері азаматтарды босату үшін әскери операциясын бастады. Соның кесірін енді Газа халқы жазықсыз жапа шегіп келеді.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Таяу Шығыстағы қақтығыс халықаралық қауымдастықты алаңдатқалы қашан?! Қаншама келіссөздер жасалды. Бірақ жағдайдың реттелер түрі жоқ.

Ең қатты зардап шеккен Газа секторы. Қазір бұл аймақтағы тұтас бір ұлт өз жерінен айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр. 2 жылдың ішінде 2 миллион тұрғыны бар Палестина ең ауыр шығынға ұшырады. 2023 жылдың 7 қазанынан бері қақтығыстан қаза тапқан адам саны 67 мыңнан асты. Оның 154-і бала. 460 адам аштан қырылса, 170 мыңдайы ауыр жарақат алды. Бұл сандар халықаралық қауымдастық тарапынан «геноцид» деген сипат алды. Бейбіт тұрғындардың жазықсыз жапа шегуі, Израильдің саяси сахнадағы беделіне нұқсан келтірді. Бас мінберде сан рет сын айтылды. Қатаң айыптауларға қарамастан, Израиль ХАМАС-қа шүйліккені соншалық, қарулы топтың көзін жоймайынша кері шегінбейтінін талай рет кесіп айтты.

Цитата: Эффи дефрин, Израиль әскерінің бригада генералы:

- Қазір Газаның 40%-і толық бақылауымызда. Алдағы уақытта шабуылды күшейтіп, операциялар аумағын кеңейтпекпіз. ХАМАС жасақтарын толық жоюға аз ғана қалды. Оның талқандамайынша кері шегінбейміз.

Алайда Израильдің «ХАМАС-ты талқандаймыз» дегені кейін Газа секторын толық жаулап алу жоспарына ойысып кетті. Оған Трамп иелік етемін дегені әлемге аян. Ол тіпті Газаның келешек келбетін де кескіндеп берді. Ия, үйіндіге айналған қаланың көркін кіргізер. Ал, құты қашқан халықтың жайын кім ойлайды?! Босқынға айналған миллиондаған адамның барар жер, басар тауы қалмады. Елді аштық пен індет жайлады. Десе де, тұрғындар үміт үзген емес. Үстіне бомба түсіп жатса да, атамекенін қиып кеткісі жоқ.

Неман Әбу Жарад, тұрғын:

- Өміріміз түбегейлі өзгеріп кетті. Бұрын әлдеқайда тұрақты, қауіпсіз болатын. 2 жылдан бері әр таңымызды үреймен қарсы алып келеміз. Біздің қалайтынымыз тек бейбітшілік қана. Өз жерімізден ешкім айырмаса екен. Басқасы қажет емес.

Маджида Әбу Жарад, тұрғын:

- 2 жыл тағдырымызға жазылған қара таңба іспетті. Өте ауыр кезеңдерді өткердік. Жақындарымызды жоғалттық. Қолда бардың бәрінен айырылдық. Көршіміз келмеске кетті. Жерімізге жау кеп жайғасты. Үйіміз үйіндіге айналды. Бірақ бәрібір өз атамекенімізден кеткіміз жоқ.

2 жыл ішінде әскери қимылдар тек Газада жүрген жоқ. ХАМАС-қа Ливандағы «Хезболла», Йемендегі хуситтер жақтасып, Израиль бұл елдерді де шабуылдады. Бейруттегі жарылыс кезінде «Хезболла» ұйымының жетекшісі мен бірнеше белсенді мүшесі қаза тапты. «Хезболла», хуситтер мен ХАМАС тікелей Ираннан қаржылай және материалдық көмек алады. Бұдан хабардар Израиль Иранды да соққылап, бірқатар нысандарына залал келтірді. Сол уақытта Тегеранда ХАМАС басшысы Исмаил Ханидың көзін жойды. Сирияға да бірқатар шабуылдар жасалды.  

Оңтүстік Африка 2023 жылдың желтоқсанында Израильге қарсы Халықаралық сотқа шағым түсірді. Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын бұзды деп айыптады. Былтыр қарашада Халықаралық қылмыстық сот Биньямин Нетаньяхуды, Қорғаныс министрі Йоав Галлантты тұтқындауға ордер берді. Алайда, Израиль үкіметі бұл айыпты мойындамады. Қатар, Мысыр арағайындық еткен келіссөздер уақытша бітімге жол ашқанымен, қақтығысты толық тоқтатуға қауқарсыз болды. Сосын , бірқатар ел Израильге қару жарақ беруді доғарды. Ал тығырықтан шығудың жолы ретінде 2 жылдан кейін 20 ел Палестина егемендігін мойындады. Десе де, бұл шаралардан келіп-кетер қайран жоқ. Керісінше, Израильдің шабуылы одан бетер үдеп барады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz