RU
Толық нұсқаға өту

Бірқатар елде туризм құлдырады

07.10.2025, 18:42 429

Трамптың саясаты АҚШ-тағы туризмнің құлдырауына әкеп соқты.

Елдің ұлттық туризм басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жеті айында АҚШ-қа баратын туристер саны 3 миллионға азайған. Саладағы дағдарыс елді 12,5 млрд доллар табыстан айыруы мүмкін. Жалпы АҚШ қана емес, талайдың арманына айналған Франциядағы қонақүйлер мен мейрамханалар да шығынға батты. Көздің жауын алатын табиғатымен танымал Таиландта да жағдай мәз емес.

Визалық саясаттың қатаңдатылуы мен тауарларға тарифтердің енгізілуі АҚШ-тың туризм саласына айтарлықтай кері әсер еткен. Дональд Трамптың бірқатар мемлекет азаматтарының келуіне шектеу қоюы жағдайды ушықтыра түсті. Ал қыркүйек айында АҚШ-қа визасыз кіру жүйесінің бағасы 21 доллардан 40 долларға дейін өсті. Бұл бағдарламаға 42 мемлекет енген. Сондай-ақ доллардың жоғары бағамы жұрттың алпауыт елге деген қызығушылығын төмендетті. Әсіресе Еуропалық туристердің ағыны күрт азайды. Даниядан келушілер саны 19%-ға, Германиядан 10% -ға және Франциялық туристер саны 6,6% -ға қысқарды. 

Ерекше сәулет өнері тұнып тұрған тарихы және көрікті көшелерімен кім-кімнің болсын жүрегін жаулап алатын ең романтикалық қала – Парижді көруге жұрт биыл асықпады. Оған себеп Франциядағы бюджеттік дағдарыс. Осының кесірінен ел экономикасының маңызды бағыттарының бірі - туризм саласы біраз зардап шекті. Әсіресе жаз айларында мұндағы туристік маусым жоғары болатын. Дегенмен, биыл саяхатшылар саны аз болды. Баға әжептәуір көтерілгендіктен мұндағы демалысты кез келген туристің қалтасы көтере бермейді. Ел сүйсінетін Ницца мен Кан қалаларындағы мейрамханалар мен қонақүйлер әдетте халыққа лық толатын. Ал биыл кәсіпкерлер 35%-ға дейін шығынға батты.

Халық жиі баратын Таиландта да биыл туризмнің құлдырағаны байқалады. Бұған бір жағынан Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс және шекара жөніндегі даудың шиеленісуі әсер еткен болуы керек. 2025 жылы елге сырттан 24,11 млн турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға төмен. Жыл соңына дейін тағы 3 млн адамға қысқаруы мүмкін. Осы себепті кәсіпкерлерге бағаны көтеруге тура келді. Қазір Таиландта демалу үшін 1 адам орташа есеппен 770 мың теңге жұмсайды. Сондықтан туристер Таиландтың орнына Қытай немесе Вьетнамға баруды жөн санайды.

Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz