RU
Толық нұсқаға өту

Алтынға сұраныс артты

08.10.2025, 07:30 421

Кей аймақта суды алтынға теңейді. Сөйткен алтынның да құны күн өткен сайын шарықтап барады. Қазіргі бағасы 3 мың 950 АҚШ доллары. Көрсеткіш жыл басынан бері 47 пайызға өскен. 

Бағаның өсуіне әлемдегі геосаяси тұрақсыздық себеп. Соның әсерінен орталық банктер алтын қорларын көбейтіп жатыр. Оның үстіне АҚШ-тағы шатдаунда әсер етпей қоймайды. Сарапшылар жыл соңына дейін алтынның құны 4000 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр. 

Тек баға емес, алтын өндірісінің қарқыны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр әлемде 3300 тонна алтын өндірілді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 50 тоннаға көп. Қытай, Аустралия, Ресей, Канада, АҚШ, Қазақстан, Мексика, Индонезия, Оңтүстік Африка және Өзбекстан алтынға бай елдер саналады. 

Жылына 300 тоннадан алтын өндіріп отырған Аустралияда, экспорттан түсетін табыс та еселеп артқан. Сұйытылған табиғи газды басып озып, пайда әкелетін табиғи ресурстардың ішінде екінші орынға жайғасты. Елдің өнеркәсіп министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алтын экспорты 60 миллиард аустралия долларына дейін жетеді деген болжам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиардқа көп. Ал, сұйытылған табиғи газдан түсетін табыс биыл 54 миллиард долларға кеміген. Келер жылы 48 миллиард долларға азаюы мүмкін. Бұған мұнай бағасының төмендеуі себеп. Осы үшін де алтын қауіпсіз активке айналды. 

Алтын —  стратегиялық резерв 

Геосаяси шиеленістер орталық банктердің алтын сатып алуын үдетті. Бағаның өсуіне қарамастан, банктер долларлық резервтерін қысқартып, алтын қорларын ұлғайтып жатыр. JP Morgan деректеріне сәйкес Трамп әкімшілігінің енгізген тарифтерінен туындаған жаһандық экономикалық белгісіздік кезінде инвесторлар алтынды сенімді қорғау құралы ретінде көріп отыр. Сол себепті алтынға сұраныс жоғары болып қала бермек. 

Үкіметтер алтынды соғыс валютасы ретінде сақтайды. Яғни бейбіт кезде алтын сатылады, ал шиеленіс күшейген сайын қорлар толтырылады. Себебі бұл металл мұнай сияқты стратегиялық резерв саналады. 

Қара нарықта сынап саудасы қызды 

Алтынға деген сұраныс, сынап бағасының да күрт өсуіне әкелді. Өйткені бұл металл заңсыз алтын өндірісінде қолданылады. Мәселен, Мексикада осы қара нарықтан табыс тауып отырғандар көп. Сынап термометрден бастап косметикаға дейін барлық салада қолданылады әрі бұған дейін Оңтүстік Америкаға заңды түрде экспортталып келген еді. Алайда кейінгі жылдары бірқатар ел сынапты пайдалануға тыйым салғаннан кейін, Мексика бұл элементтің басым бөлігін Колумбия, Боливия және Перуге контрабандалық жолмен жеткізеді.  БҰҰ деректеріне сүйенсек, Мексика Қытайдан кейін әлемдегі екінші ірі сынап өндіруші ел. Жыл сайын шамамен 200 тонна сынап өндіреді. Бірақ  2017 жылы 152 мемлекет сынап экспорты заңсыз деп танитын конвенцияға қол қойды. Оның ішінде Мексика да бар. Десе де бұл шектеу керісінше, металлға деген сұранысты одан әрі арттырды. Кейінгі 15 жылда сынап бағасы 240–350 долларға дейін өсіп, он есе қымбаттаған.

Кейбір шахталар қорықтың ішінде және шекарасында орналасқан. Жунглилер мен биік таулы ормандарды қамтиды. Бұл аймақ жойылу қаупі төнген өсімдік түрлерінің тіршілік ортасы. Егер билік бұл аймақтағы тау-кен жұмыстарын тоқтатпаса және оны ретке келтірмесе, бұл түрлерге қауіп төнеді. 

Изарелли Росильо, Керетаро университетінің зерттеушісі:

- Әлемдік сынап шығарындылары көлемінің 38%-ы алтын өндірісіне тиесілі. Осы себепті кішігірім шахталарда жұмыс істейтін миллиондаған кенші бойына дерт жамаған. Жалпы дүние жүзіндегі кішігірім шахталарда 19 миллиондай адам жұмыс істейді. Адам биомониторингі деректері бойынша кеншілердің 33%-ы, яғни 6,5 миллион адам орташа деңгейде сынаптан уланған. Сол себепті, бүгінде алтынға деген жылдық сұраныстың шамамен төрттен бірі қайта өңдеу есебінен жүргізіледі. Қайта өңдеу кезінде сынап қолданылмайды. Ал кей елдерде әлі күнге дейін бұл металлды өзен түбіндегі топырақтан алтын алу үшін қолданылады. Бұл заңсыз өндіріспен көбіне қылмыстық топтар айналысады.

   

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz