RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде қарыз дағдарысы бастала ма?

09.10.2025, 07:50 481

Биыл жаһанда мемлекеттік қарыздар 2,8 пайызға өседі. Бұл — Халықаралық валюта қорының болжамы. Қазірдің өзінде әлемде біраз ел борышкер атанды. Кейінгі дерек бойынша, мемлекеттердің сыртқы берешегі 100 трлн долларға жуықтаған. Оның 80 пайызы кедей-кепшік емес, экономикасы дамыған елдерге тиесілі. 

Алдағы 5 жылда жаһан жұртының қарызы әлемдік жалпы ішкі өнімнің 100 пайызына жетуі мүмкін. Халықаралық валюта қорының баяндамасында осындай дерек жазылған. 2020 жылы пандемия кезінде әлем елдерінің сыртқы берешегі 99 пайызға таяған еді. Кейін 2 жылда көрсеткіш 10 пайызға төмендеді. Алайда былтырдан бері қарыз қайта өсе бастады. «Бұған көп елде инфляцияның дес бермеуі, сауда текетіресі, әскери шығындардың және қарттардың көбеюінен зейнетақы төлеу секілді міндетеменің артуы себеп», - дейді сарапшылар.  

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

- Биыл жаһандағы экономика өсімі баяулап, қарыз ұлғаяды деп топшылап отырмыз. Сондықтан әлем елдері сыртқы берешегін қысқартып, қор жинауды қолға алуға тиіс.

Отандық сарапшылардың пікірі де осыған саяды. Олардың айтуына қарағанда, алдағы уақытта жаһан жұрты қарыздың одан әрі өсуіне жол берсе, әлемдік қаржы тұрақтылығы шайқалуы мүмкін. Яғни бұл үлкен бюджеттік дағдарысқа, сондай-ақ дефолттар тізбегін туғызуы ықтимал.   

Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:

- Дамушы елдер дамыған елдердің қағаздарын алады. Олар үлкен зардап шегуі мүмкін. Себебі олар өздерінің белгілі бір капиталын сыртқа шығарып, өзінің суверенді фондтарын жоғалтуы мүмкін. Бұл мемлекеттер арасындағы сенімсіздік, бір-бірінің облигацияларына жоламау секілді үлкен проблема тұғызуы мүмкін. 

Сарапшылар: "Дамыған елдердің мемлекеттік қарыз шегін жиі көтеруі дұрыс емес. Бұл сол елдің қаржылық проблемалары бар екенін анық аңғартады", - дейді. 

Қазір әлемдегі қарызы ең көп ел - АҚШ. Құрама Штаттардың сыртқы берешегі 36 трлн доллар. 

Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:

- Дамыған елдердің қарыз шегін қайта-қайта көтеруі дамушы елдерге сабақ болу керек. Бұл шын мәнінде А класстағы облигация ма? Кейін дефолт болмай ма? Тек бір мемлекеттің дефолт жариялауы ғана жетпей тұр. Одан кейін осы домино секілді бәрі құлай бастауы мүмкін. Ол жақта үлкен қауіп бар. Облигациялардың құлауы дүрбелеңге әкеледі.

Сөйтіп, "әлемдік қарыз кризисі" деп аталатын жаңа кризис басталып кетуі мүмкін. 

Халықаралық валюта қоры: «жаһан жұрты алдағы уақытта өз қаржы жүйесін ретке келтірмесе, келесі дағдарыстың ауылы алыс емес. Бұл біз ойлағаннан бұрын басталуы мүмкін», - деп болжайды. 

Авторлары: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz