RU
Толық нұсқаға өту

Испания Дональд Трамптың ұсынысына қарсылық танытты

09.10.2025, 20:00 395

Испания болса Дональд Трамптың палестиндіктерді басқа жерге көшіріп, аймақты “Таяу Шығыстың ривьерасына” айналдырамыз деген ұсынысын қолдамайды.

Елдің сыртқы істер министрлігі  осындай мәлімдеме жасады. Ресми Мадрид АҚШ-тың бұл  бастамасын  адамгершілік қағидалары мен халықаралық құқық талаптарына қайшы деп есептейді. Испания билігі Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің басты шарты - Палестинаның тәуелсіз мемлекет болып  құрылуы деген ұстанымда.

Испания 2024 жылдың мамырында Палестинаны егемен мемлекет ретінде ресми мойындаған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам Пиреней түбегіндегі тараптың Таяу Шығыста әділ шешім қабылдауға және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге ұмтылысын көрсетті. Газадағы әскери әрекеттер Испания үкіметінің Израильмен қару-жарақ саудасын тоқтатуға негіз болды, салдарынан 2025 жылдың қыркүйегінде Испания Израильмен құны 700 миллион еуро тұратын  келісім-шартты жарамсыз етіп, қару-жарақ эмбаргосын енгізді. Ел үкіметі АҚШ-тың Палестинаға қатысты ұстанымдарын да үнемі ашық сынайды: сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Дональд Трамптың Газа аумағындағы 2 млннан астам палестиндікті  басқа жерге көшіру және  жаңа экономикалық аймақ құру ұсынысын қолдамайтынын мәлімдеді.

Хосе Мануель Альбарес, Испания сыртқы істер министрі:

- Газа палестиндіктердің тарихи отаны, сондықтан олар туған жерінде қалуы тиіс. Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің басты шарты Палестинаның тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы. Испания Газаны болашақта егемен Палестина елінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. 

Испания билігімен қатар қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және жоғарғы оқу орындарының студенттері Палестинаны қолдау шараларына белсенді араласуда. Мадрид қаласында өткен шеруге он мыңнан астам қала тұрғыны  қатысып, халықаралық қауымдастықты Газа халқына гуманитарлық көмек көрсетуді күшейтуге және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге шақырды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шара бейбіт сипатта өтті және Испания қоғамының Палестина халқына деген жанашырлығын көрсетті.

Изабель, Мадрид қаласының тұрғыны:

- Шеруге алғаш қатысуым, бәлкім содан толқып тұрмын. Менің үнім естілсе екен деймін, Газаның болашағына қосатын аз ғана үлесім осы. 

Сандра, Мадрид қаласының тұрғыны:

- ХАМАС-тың қазіргі жағдайы өте күрделі және олар тек өз талаптарын ғана ойламай, тұтас халықтың мүддесін ескеруі тиіс. Менің ойымша, үшінші тараптың, яғни АҚШ сияқты алып елдің Газа тағдырына араласуы, олардың өзінен сұрамай мәселені шешуі дұрыс емес. Бұл әлемдегі ең үлкен әділетсіздік. 

Газа  секторы

2026 жылы Испания Палестинаға көрсетілетін гуманитарлық көмекті 150 миллион еуроға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Соңғы екі жылда ел үкіметі Газа аймағына Жерорта теңізі арқылы 38 тонна азық-түлік жеткізіп, әуе арқылы парашютпен 12 тонна гуманитарлық жүк тастаған еді. Бұл шамамен 11 мыңнан астам адамды азықпен  қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz