Әлем теміржол құрылысын жеделдете бастады. Былтыр бір жыл ішінде дүниежүзінде 205 жаңа теміржол құрылысы қолға алынды. Бұл орайда әр ел жүйеге жаңашылдықтар енгізіп, төте жол табу үшін түрлі технологияларды іске асыра бастады.
Жүктің 65% теміржолмен тасымалданады
Қытайда жүктің 65 пайызы теміржол арқылы тасымалданады. Мұнда өндіріс ошақтары теңізден қашық жатыр. Сондықтан темір жол жүк тасымалының басты күретамыры саналады. Қазір Қытайдан Еуропаға 100-ге жуық бағытта пойыз қатынайды. Кейінгі 9 жылда қарт құрлыққа 50 мың пойыз жөнелтілген.
Теміржолдың өзімен биыл 9 айда тасымалданған жүктің көлемі 4 миллион тоннадан асты. Яғни Бейжің шойын жолдың өткізу қабілеттілігін арттыру арқылы табысқа кенеліп отыр. Елде кедендік жүйе де оңтайландырылды. Жүкті рәсімдеу 3 күннен 16 сағатқа дейін қысқарған. Қытайда пойыз жүк тасымалынан былтыр жарты жылда 68 млрд доллар табыс түскен. Жалпы Қытайда 1 тонна жүкті 1 шақырымға жеткізу құны 0,25 юань. Бұл біздің ақшамен 19 теңге.
Чжань Кунь, Қорғас кеден бөлімі жетекшісінің орынбасары:
- Қытай–Еуропа жүк пойыздарына тәулік бойы кедендік қызмет көрсетіледі. Арнайы терезе жүйесі бойынша жұмыс істейміз. Мұнда тауарды тіркеу, тексеру, қайта тиеу және босату рәсімдері біріктірілген. Бұл пойыздардың жүру тиімділігін едәуір арттырды.
АҚШ-тағы теміржолдың экономикаға әсері
АҚШ-та теміржол биліктің емес, жеке меншіктің қолында. Яғни, тарифті үкімет емес, сұраныс реттейді. Бұл салада 7 ірі оператор бар. Кәсібін өрге деңгелетіп отырған компанияларға нарықтың 90 пайызы тиесілі. Жылдық табысы 90 млрд доллар. Көп бөлігі осы жүк тасымалынан түседі. Яғни, Құрама Штаттарда теміржол жай инфрақұрылым емес, көл-көсір пайданың көзі. Темір жол арқылы энергетикалық шикізат, ауылшаруашылық өнімдері және күнделікті тауарлар да тасымалданады. Мысалы, тек көмірдің өзі темір жол компаниялары табысының төрттен бірін қамтамасыз етеді. Жүк тасымалының басты талабы бұл- жылдамдық, сенімділік және қауіпсіздік. Ал мұны қамтамасыз ететін - контейнерлік тасымалдау. Сондықтан, кейінгі жылдары осы бағытта көрсеткіш артып келеді. Сондай-ақ, темір жол жүк көлігіне қарағанда экологиялық тұрғыдан тиімді. Мәселен, Құрама Штаттарында 1 ғана пойыз 300 көліктің жүгін тасымалдай алады. Бір есептен бұл экологияға көмірқышқыл шығарындыларын едәуір азайтады- дейді сарапшылар.
Үндістандағы жүк тасымалының ерекшелігі
Үндістанда пойыз жүк тасымалының өз ерекшелігі бар. Шойын жолының ені жалпақ. Мәселен, ТМД елдерінде бұл стандарт 1520, Еуропада - 1435 болса, ал Үндістанда - 1676 милиметр. Бұл ауыр жүкті бір мезетте көбірек тасымалдауға мүмкіндік береді. Осының есесіне тариф құны да арзанырақ шығады.
Нью-Дели мұнымен ғана шектеліп отырған жоқ. Былтыр Рудрастра деп аталатын Азиядағы ең ұзын жүк пойызын іске қосты. Оның ұзындығы - 3 жарым шақырым. Бір өзі 6-7 пойыздың жүгін тасымалдауға қауқарлы. Ол бірнеше локомотивпен, синхронды түрде басқарылады. Яғни, дәл қазір Үндістан тасымалдайтын жүк көлемін арттыру арқылы тиімді логистика құрып отыр.
Халықаралық тәжірибеге қарағанда, жүк тасымалынан пайда көру үшін бір ғана тариф құнын арттыру жеткіліксіз. Кіріс көзіне әсер ететін жанама факторларды да ескеру маңызды деп отыр сарапшылар. Инфрақұрылымды жетілдіру арқылы шойын жолдың өткізу қабілеттілігін арттырып, шығындарды азайту - табыстың тұрақты өсуіне мүмкіндік береді.
Зайнұр Байжігіт, 24kz
Тегтер #теміржол #Қытай #әлем жаңалықтары #АҚШ #ҮндістанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz