RU
Толық нұсқаға өту

Еліміздің Республика күні Қытайда атап өтілді

26.10.2025, 09:49 468

Республика күні Қытайда да аталып өтті.

Бейжің төрінде қазақтың әнұраны шырқалып ұлттық мереке ұлықталды. Іс-шараға жергілікті мектептердің оқушылары мен ұстаздары, қала тұрғындары қатысты. Оларға егемен ел - Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен өнері паш етілді.

Ұлттық мереке Қазақстанның Қытайдағы мәдениет орталығында өтті. Бұл  жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған орталықта өткен алғашқы мемлекеттік мереке.

Гүлбану Тастанбекова, ата-ана:

- Екі елдің өсіп келе жатқан жасөспірімдерінің арасындағы бір-біріне деген қарым-қатынас, достығының артуына, екі елдің ынтымақтастығының дамуына үлкен үлес қосатын іс-шара.

Республика күні дипломаттардың рөлін қазақ балалары атқарды. Олар  қатарластарымен тіл табысып, меймандарға елімізді өнер арқылы таныстырды. Ұлттық киім киіп Қытай балаларын қазақша сөйлетті.

Бұған екі жастағы бүлдіршіндерден бастап жоғары сынып оқушыларына дейін атсалысты. Сахнада қазақ ақындарының өлеңдері оқылып патриоттық әндер шырқалды. Ұлттық аспап домбыра шертіліп күй ойнады.

Хуа Ли, оқушы:

- Бүгінгі іс-шара қызықты өтті. Мен алғаш рет қазақ тілінде   сөйледім. Балалармен танысып бірге ән айттық. Ерекше әсер алдым. Әсіресе концерт соңында айтылған ән қатты ұнады.

 Син Тяо, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Шақырғандарыңызға көп рахмет! Өте мағыналы іс-шара болды. Балалар өзара араласып кетті. Біздің мектептің оқушылары  қазақтың мәдениетімен танысты. Мерекелік қойылымдар керемет өтті. Сөздердің мағынасын түсінбесек те музыка ұлтқа бөлінбейді, ал өнерде шекара жоқ. Балалардың қуанышын бәріміз сезіндік. 

Қаламқас Серікқызы, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті Елшісінің кеңесшісі:

- Белсенді атсалысып бүгінгі іс-шараға. Мерекенің мәнін, мағынасын түсіндіріп оларға. Барынша барлық мағлұмат беруге тырыстық. Бұдан кейін де көптеген іс-шара өткіземіз деп отырмыз. Алдағы уақытта тілдер байқауын   өткізсек дейміз. Қазақ тілі байқауын.  

Концерттік бағдарлама Атамекен әнімен қорытындыланды. Егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған іс-шараға белсенді

қатысушылар Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz