RU
Толық нұсқаға өту

Пәкістанда қоқыс мәселесі өзекті болып тұр

31.10.2025, 22:00 361

Пәкістанда - қоқыс ең өзекті мәселенің бірі. Ел астанасы Исламабад қаласы маңындағы полигонға күн сайын қалдық толы ондаған жүк көлігі барады. Мұнда тек Пәкістан астанасының ғана емес, Пенджаб өңірінің көршілес аудандарынан да тонна-тонна қоқыс жиналады. 

Исламабадқа жақын 33 гектар аумақты алып жатқан полигон миллиондаған тонна қатты қалдықтарды көметін орынға айналған. Пәкістан қоқысты өңдеу мен жоюдан терең дағдарысты бастан кешіп отыр. Бұл халықтың денсаулығына, ауа мен судың ластануына әсер етіп, көп шығын келтіруде. 

Шафкат Мунир, Тұрақты даму саясаты институтының маманы:
- Қалдықтар су мен ауаны ластайды. Қоқыстың басым бөлігі өртеледі, бірақ оның құрамындағы пластик сияқты заттарды жағу - өте қауіпті. Ол адамдардың денсаулығына зиян келтіріп, қалалардағы ауа сапасын нашарлатады. Бұл — бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған ауқымды мәселе.

Қоқысты ретсіз төге беру үйінділердің қалыптасуына алып келеді. Олардан бір шақырымдай жерде тұрғын үйлер бар. Бұл қалдықтардан ең алдымен сол жердегі тұрғындар жапа шегеді. 

Рашид Малик, жергілікті тұрғын:
- 2001 жылдан бері билік бұл жерге дәрігерлер қолданған шприцтерден бастап жануардың өлексесіне дейін — бәрін төгіп келеді. Соның салдарынан өзен-көлдер бүлініп, ауа ластанған. Балалар ауырып, адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы қысқарды. Біз үнемі шағымданып, наразылыққа шыққанымызбен құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Статистикаға сүйенсек, Пәкістандағы қалдықтардың жартысынан көбі санитарлық полигондарға емес, тікелей қоқысқа, өзендерге немесе ауылдарға төгіледі. Халық пен жұмысшылардың салғырттығы және елдегі сұрыптау мәдениетінің жоқтығы билік үшін үлкен сынға айналып отыр. Мәселені шешуге бөлінген қаржы жетпейді ал билік тарапынан жүктелетін міндеттер тиісті дәрежеде қадағаланбайды. Пәкістанда жыл сайын шамамен 4,9 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық тастайды. Сарапшылар: «Елге қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесі қажет», - дейді. Мамандар: «Жаңа жоспар қала кеңістігін қайта қалыптастырып, экологиялық ахуалды жақсартып, артық шығындардың алдын алуға көмектеседі», - дейді.

Авторлары: Әйгерім Ардаққызы, Хамза Амир

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz