Қарулы қақтығыстар. Табиғи апаттар. Өзге де саяси тұрақсыздық салдарынан қазір әлемнің бірқатар елі гуманитарлық дағдарысқа тап болды.
Мұның зардабын миллиондаған адам тартып отыр. Өкініштісі қаншама адамның өмірі қиылды. Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, 305 млн адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Оның ішінде 280 млн-ы аштықтың зардабын тартып отыр.
ХХІ ғасырда адамзат даму кезеңіне аяқ басқан тәрізді еді, бірақ қазір бұл үдеріс кері кетіп барады. Мұның арты қайда апарып соғады? Шет-шегі бар ма?
Статистикалық көрсеткіштерге қарасақ, гуманитарлық дағдарыстың жылдан-жылға ұлғайып бара жатқанын көреміз. Халықаралық ұйымдардың өзі көмекті қайда, қалай жеткізерін білмей дал. Оған түрлі жайт әсер етіп отыр.
Қазір әлемнің 72 елінде миллиондаған адам көмекке мұқтаж. Әсіресе Судан, Ауғанстан, Конго Демократиялық Республикасы, Йемен, Сирия, Украина, Эфиопия, Оңтүстік Судан, Чад және Палестинадағы Газа секторында ушығып тұр.
Ең ауыр зардапты Судандағы 30 миллионнан астам тартып отыр. Қазір бұл елдегі жағдайдың шектен шығып бара жатқанына халықаралық ұйымдар алаңдаулы. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Судандағы соғыстың шектен шықанын мәлімдеді. Бұлай кете берсе, енді жарты жылда елдегі 24 млн-нан астам адам аштан қырылуы мүмкін. Елде жаппай қылмыс өршіп, халықаралық гуманитарлық құқық талап тапталып, этникалық зорлық-зомбылық күшейіп барады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Судандағы қақтығысты тоқтату үшін, аймаққа бірде бір қарудың кірмеуін қатаң бақылау керек. Сондай-ақ ауыр қылмыс жасағандар жауапқа тартылуға тиіс. Оларды жазасыз қалдыруға болмайды.
Судан - 30,4 млн
Ауғанстан - 22,9 млн
Конго Демократиялық Республикасы - 21,2 млн
Йемен - 19,5 млн
Сирия - 16,7 млн
Украина - 12,7 млн
Эфиопия - 10 млн
Оңтүстік Судан - 9,3 млн
Чад - 7,8 млн
Газа секторы (Палестина) - 3,3 млн
Дереккөз: Global Humanitarian Overwiew 2025
Әлемде гуманитарлық дағдарыс күшейді
Әлемде жарты миллиард баланың ойнауға шамасы жоқ. Save the children деректеріне сүйенсек, гуманитарлық дағдарыстан былтыр 520 миллион балғын зардап шеккен. Бұл 2005 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Демек әлемдегі әр бесінші бала аштықпен, түрлі індетпен бетпе-бет келеді деген сөз. Сорақысы, кішкентайларға қатысты зорлық-зомбылық өршіп, 40 мыңнан астам қылмыстық әрекет жасалған. Әрі оның саны өткен жылдармен салыстырғанда 30 пайызға артты. Палестинадағы Газа секторы, Конго Демократиялық Республикасы, Нигерия, Сомали, Суданда сұмдық жайттар тыйылмай тұр.
Флориан Вестваль, Save тhe Children ұйымының Германиядағы өкілі:
- Бұл гуманитарлық апат аймағындағы балалар туралы жүргізген статискалардың тек бер жағы ғана. Шын мәніндегі жағдай, бұдан да ауыр әрі қасіретті болуы мүмкін.
Әлемде гуманитарлық дағдарыс күшейді
Қарулы қақтығыстар мен табиғаттың тосын сыйы гуманитарлық апатты көбейтті. Халықаралық ұйымдардың да амалы таусылды. Қордың шеті көрінді. Қайырымдылық бағдарламалар жұмысын тоқтатты. Бұл гуманитарлық көмекке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Әрі ұйымның қызметкерлерінің өлімі де, жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Былтыр 281 қызметкер қаза тапқан. Оның 226-сы Газа секторында жүріп оққа ұшқандар. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл Біріккен Ұлттар ұйымына, зардап шеккен елдерге көмек үлестіру үшін 47,4 млрд АҚШ доллар қажет болды. Алайда қажетті соманың жартысы да жиналған жоқ. Соның салдарынан, ұйымның азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы қиындыққа тап болды. Осы себепті миллиондаған адам, аштан қырылудың аз-ақ алдында тұр.
Миряна Сполярич-Эггер, Халықаралық қызыл крест комитетінің президенті:
- Біз қазір соғыс кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мен мұны нақты статистикаларға сүйеніп айтып отырмын. Әрі ұйым құрылғалы бері, қақтығыстардың жыл санап өршіп бара жатқанын байқаймыз. 15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, қарулы қақтығыстардың саны еке есе көп. Қазір шамамен 130. Ал бұл гуманитарлық ұйымдар үшін тым көп.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #әлем #гуманитарлық дағдарыс #қақтығысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz