RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде ағашқа сұраныс артады: орманды қалай қорғаймыз?

13.11.2025, 08:10 589

Әлемде ағашқа сұраныс артады. Алдағы 25 жылда 32% өседі. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы осылай деп топшылайды. Әсіресе Азия және Тынық мұхиты аймағы елдерінде тапшы болмақ. Демек жаһандық жылу үдерісін тежеу үшін ағаш кесуді тоқтатамыз деп жүрген адам баласының даурығуы бос сөз бе?

Қазір Бразилияда СOP30 климат саммиті өтіп жатыр. Онда «Тропикалық ормандарды мәңгі сақтайық» қорын құру туралы мәселе көтерілді. Бірақ ағашқа сұраныс артып жатқанда орман атаулыны қаншалықты қорғай аламыз? Сарапшылар не дейді? 

Бразилия бұл қорға 125 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Әзірге оған қаражат бөлуге ниет білдірген елдің қатары көп емес.

Ағашқа сұраныс артады

АҚШ мұндай бастамаларды тіпті алаяқтық деп санайды. Сондықтан Президент Трамп саммитте төбе көрсетпеді.

Былтыр әлемде шамамен 490 млрд доллардың ағашы мен қағазы саудаланған. Алдағы 25 жылда бұл нарық 32% ұлғаяды. Бұл БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі. Мәліметке сүйенсек, 2050 жылға қарай 1 млрд 200 млн текше метр ағаш кесіледі. Бұған себеп көп, әрине. Мәселен, бұрын құрылыста темір мен бетон қолданылатын. Ал оның өндірісі ауаны ластайды. Сондықтан кейінгі жылдары экологиялық таза шикізат, яғни ағашқа көше бастады. Одан тіпті көпқабатты үй салу қарқын алды. Швеция мен Канадада 20 қабатты ағаш ғимараттар тұрғызылып жатыр. Себебі берік әрі жылуды жақсы ұстайды. Сондықтан қос елде кесілген талдың 55%-і осы құрылыс саласына тиесілі. Сондай-ақ жаһан жұрты полиэтиленнен бас тарта бастады. Орнына қағаз пакеттер қолданысқа еніп жатыр. Жалпы қазір тұрмыста қолданылатын заттардың 4/1-і осы ағаштан жасалады.

Джейсон Росс, Wood Central орталығының сарапшысы:

- 2050 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 9 млрд 700 млн болады деп топшылайды. Тиісінше ағашқа да сұраныс артады. 2025 – 2030 жылдары өндіріс 4-8% ұлғайса, 2025 – 2050 жылдары аралығында  6-32% өсуі мүмкін. Өсім 240 млн текше метрден 1 млрд 200 млн текше метрге дейін жетуі ықтимал.

Егер сандарды сөйлетсек, ағаш өндіруде алғашқы ондыққа Канада, Бразилия, Швеция, Финляндия, Чили, АҚШ, Жаңа Зеландия, Индонезия және Ресей кіреді. Алайда солтүстіктегі көршіміз үшін қазір Батысқа шығу қиындады. Фанера, тақтай, целлюлоза, бірінен соң бірі санкциялық тізімге енгізілді. Яғни Мәскеу үшін Еуропа нарығы жабылды. 2021 жылы Ресей қарт құрлыққа 3,8 млн доллардың өнімін жөнелткен. Қазір Ресей ағашын Азияға, яғни Қытай мен Үндістанға және ТМД елдеріне экспорттайды. Жалпы әлемдік ағаш тұтыну үлесінің ең көбі Азия елдеріне тиесілі. Оның 3/1-не Бейжің ие. Сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Индонезия және Малайзияда сұраныс артып келеді. БҰҰ болжамы бойынша келешекте ағаш нарығының негізгі тұтынушылары осы елдер болады.  

 

Орманның жойылуына банктер себепші

Осыдан тура 10 жыл бұрын әлемнің 200 елі жаһандық жылынуды тежеуге келісті. Оған сай адамзат жасыл желектің жойылуын тоқтатуға міндетті. Алайда әзірге нәтиже шамалы. Өйткені әлемнің қаржы институттары Париж келісімін орындамайды. Банктер мен инвестициялық қорлар ормандардың жойылуына әкелетін өндірістерді қаржыландыруды азайтпай тұр әзірге. Блумберг басылымының дерегі бойынша 10 жылда бұл сома 425 млрд долларға жетті. Соның 72 млрд доллары мал шаруашылығына бағытталған. Ал ағаштың 34%-і осы жайылым жер мен егін егу үшін оталады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жер бетінде әр минут сайын 18 футбол алаңына тең ағаш алқаптары жойылады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның Бас хатшысы:

- Ормандарды қорғау бұл қайырымдылық емес. Бұл заңды және моральдық міндет. Біз өмірдің осы құндылықтарына сүйене отырып, Жердің өркендеуін қамтамасыз етуіміз керек. Ормандар жауын-шашын мөлшерін реттейді, бізді су тасқыны, құрғақшылық және аптап ыстықтан сақтайды. Егер табиғатты қорғағымыз келсе, біз 2030 жылға дейін ормандарды кесуді тоқтатуымыз керек.

Ал ағашқа қатысты әлемдік нарық келер жылы қалай өзгеруі мүмкін? Бұған қатысты сарапшылардың пікірі сан алуан. Бірі өсім болмашы, яғни 3% болады десе, енді бірі 15%-ке дейін қымбаттауы мүмкін деп топшылайды. Демек нарық өзгермелі болады. Бірақ стратегияларды тиімді пайдаланған елдер үшін мүмкіндік де көп.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz