Испанияда 2025 жылдың соңына дейін халық саны 50 мыңнан асатын шамамен 150 қалада ескі дизель және бензин көліктеріне қозғалыс шектеулері енгізіледі. Бұл елдің климаттық заңына сәйкес ауа сапасын жақсартуға бағытталған бастама. Заңмен бекітілген экологиялық шектеулерге сай ескі, яғни 20 жылдан астам уақыт бұрын шығарылған дизель және бензин көліктері енді қала орталығына кіре алмайды. Барселона мен Мадридте мұндай жүйе қазірдің өзінде толық күшіне енген.
Каталония аймағындағы Реус қаласының тұрғыны Аврора темір тұлпарына қозғалысқа рұқсат беретін экологиялық белгіні жапсыруға мәжбүр. Бұл талап – Испанияның экологиялық аймақтар туралы жаңа ережесінің бір бөлігі. Заңға сәйкес 2001 жылға дейін шығарылған бензин және 2006 жылға дейінгі дизель көліктеріне қала орталығына кіруге тыйым салынады. Мұндай шектеу бұған дейін Барселона мен Мадрид қалаларында енгізілсе, енді халық саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекендерден де талап етілді. Жаңа ереже бойынша көліктер экологиялық деңгейіне қарай B, C, ECO және Zero Emission санаттарымен белгіленеді. Бұл жапсырмалар қалалық билікке ауа сапасын бақылап, ең көп зиян келтіретін көліктерді жол қозғалысынан біртіндеп шектеуге мүмкіндік береді. Ережені бұзған жүргізушілерге 200 еуроға дейін айыппұл салынып, кей аймақтарда көлікті тіпті тұрақтан шығаруға тыйым салынуы мүмкін.
Аврора, Реус қаласының тұрғыны:
- Экожапсырмаң жоқ болса, айыппұлдан айналып өте алмайсың. Қайта-қайта айыппұлды қалтам көтере бермейді. Сондықтан заңға бағынуға тура келеді.
Испания қалаларында ескі дизель мен бензин көліктеріне шектеу енгізу бастамасы қала тұрғындарына ғана емес, туристерге де қатысы бар. Мысалы, Барселонада қалаға кіру үшін шетелдік көліктерге тек жылына 24 күндік арнайы рұқсат беріледі. Егер көлік иесі шектеуді бірнеше рет қасақана бұзса, айыппұл мөлшері 2000 еуроға дейін жетуі мүмкін. Барселона мен Мадрид сияқты ірі қалаларда төмен эмиссиялы аймақ шектеулері 2020 жылдан бастап енгізілген. Бес жылда осы шаралардың нәтижесі айқын көрініп отыр: қалалық қозғалыс шамамен 25 % қысқарып, азот диоксидінің деңгейі орта есеппен 11 % төмендеді.
Марк Санчес, заңгер:
- Бұл бастама – тек экологиялық емес, сонымен бірге тұрғындардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған маңызды шара. Барселонадағы Жаһандық денсаулық институтының зерттеуіне сәйкес төмен эмиссиялы аймақтар енгізілгеннен кейін жыл сайын шамамен 200 адамның мерзімінен бұрын көз жұму қаупі азайған. Дегенмен заң тармағы әзірге қала орталығына ғана қолданылады. Қаланың шет аудандары мен шетелдік көліктерге толық бақылау тетігі енгізілмегендіктен, жол кептелісі мен ауа ластануы мәселесі әлі де өзекті.
Экологиялық көлік саясатын зерттеп жүрген еуропалық институттардың дерегінше, төмен эмиссиялы аймақтар енгізілген қалаларда қоғамдық көлікті пайдалану 15-20% артқан. Испания үкіметі ескі көліктерді экологиялық тұрғыдан тиімді үлгілерге ауыстыру үшін арнайы жеңілдіктер мен қаржылай ынталандыру шараларын ұсынып отыр. Мәселен, тұрғындар ескі көлігін өткізіп, орнына электр немесе гибрид көлік сатып алса, 7000 еуроға дейін жеңілдік ала алады. Дей тұрғанмен Испанияда көліктердің көп бөлігі ескірген: жалпы автопарктың 44%-і, яғни 16,2 миллион көліктің жасы 15 жылдан асады.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
Тегтер #Испания #ескі көліктер #жаңа ереже #айыппұл #климат #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz