Қазір әлем цифрлық трансформация кезеңінде. Бұл жаһандық экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Бұрын мемлекеттер экспортты тауармен өлшейтін. Қазір негізгі табыс онлайн платформалар мен жасанды интеллект қызметтерінен түседі. Былтыр әлемде онлайн сауда мен қызметтер, яғни цифрлық экспорт 4 трлн 700 млрд долларға жетті. Бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 10% көп.
Цифрлық әлемді жылдамдық пен жаңашылдық деп сипаттасақ артық болмас. Өйткені технология уақыттан оза шапқан сайын оған ілесу мүмкін емес. Әуелі ресурс, сосын қыруар қаражат қажет. Қазір бірқатар елдің осы мәселеге мықтап ден қоюуы осыда.
Цифрлы ел көш бастайды
Алдағы 5 жылда жасанды интеллект әлемдік экономикаға 22,3 триллион АҚШ доллары көлемінде пайда әкеледі деген болжам бар. Бұл жаһандық ЖІӨ-нің шамамен 3,7%-і. Қазір 70-тен астам ел өздерінің жасанды интеллект стратегияларын қабылдады. Осылайша цифрлық трансформация тек қосымша мүмкіндік емес, бәсекеге қабілетті болудың басты шартына айналды. Яғни сандар билеген қоғам қай елде бар, сол әлемде озық әрі дамыған ел болып саналады.
Мұндай мемлекеттердің алғашқы ондығында АҚШ, Сингапур, Финляндия, Дания, Швейцария, Нидерланд, Қытай, Ирландия, Австралия бар.
«Желілер, есептеу, сақтау жүйелері, AI және энергетикалық жүйелер сияқты цифрлық және интеллектуалды технологиялар – жаңа өндіріс құралдары. Олар деректерді білімге айналдыруға мүмкіндік береді. Осының бәрінің негізінде индустриялық саясат жатыр. Ол нарықты жандандырып, цифрлық экономиканың өсуіне жағдай жасайды» — Дэвид Ван, Huawei директорлар кеңесінің төрағасы.
Технологияны енгізуде іркіліс бар
Технологиялар жылдам дамығанымен, оларды қолданысқа енгізу баяулады. Жаһандық инновациялық индексті сараптаушы мамандар осылай дейді. Былтыр технология барлық бағытта қарқынды дамыды. Тек жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу тұралап тұр.
Мақұлданған дәрі-дәрмектердің саны 19% азайды. Бұл фармацевтикалық инновациялардың күрделілігін көрсетеді. Қауіпсіз санитарлық жағдайлар мен қатерлі ісікке қарсы технологиялар бағытында серпіліс бар. Бірақ табысы төмен елдерде инфрақұрылымдық олқылықтар кездеседі. Бүгінде 5G әлем халқының жартысын қамтыды. Жер бетінде 8,20 миллиард адам болса, 5,78 млрд адам интернетке қол жеткізген. Ал қалғаны смартфонның не екенінен бейхабар.
Технология ресурсқа зәру
Технология саласындағы жаңалық күн сайын жаңарып отыр. Десе де экономикаға тұрақтылық керек. Салмақты, саяси әрі стретегиялық жоспар қажет. Цифрлық құрылғылар неғұрлым дамыған сайын соғұрлым минералды ресурсты қажет етеді. Ресми деректерге сүйенсек, 1960 жылдары Менделеев кестесіндегі небары 10 элемент қолданылса, 90-шы жылдары 27, ал 2021 жылы 63 элемент пайдаланылған. Қазір әлемде сирек металдарға сұраныстың артуы да осыдан. Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, алдағы 25 жыл ішінде кобальт, графит, литийге деген сұраныс 500% артады.
Біріккен Ұлттар ұйымының 2023 жылғы есебіне сүйенсек, әлемдік кобальт өндірісінің 74%-ін Конго Демкоратиялық Республикасы, Литийдің 72%-ін Австралия мен Чили, ал марганецтің 59%-ін Габон мен Оңтүстік Африка қамтамасыз еткен. Ал табиғи графит өндірісі толық Қытайдың үлесінде.
Яғни цифрлық сала мемлекеттердің стратегиялық әлеуетін көрсететін негізгі тетікке айналмақ.
Тегтер #жасанды интеллект #әлемдік экономика #цифрлық трансформация #жаңа технологиялар #24KZ #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz