Қыс келген соң әркім өзінше қамданып жатыр. Швеция асфальттың ыстық-суығын, яғни температурасын бақылайтын ақылды қондырғылар орнатқан. Бұл көктайғақ туралы ақпарат беріп, апаттың алдын алуға көмектеседі.
Қондырғы алдымен ауа құрамындағы ылғал деңгейін анықтайды. Ылғал тұман, жауын, қар түрінде жерге түсетін деңгейге жеткен соң оны жол бетіндегі температурамен салыстырады. Сөйтіп, жол жабындысында көктайғақ пайда болу тәуекелдерін алдын ала біліп, дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді.
Карл-Юхан Хультман, шведтік компанияның бас директоры:
- Жаңа қондырғының көмегімен біз жол жабынын мұздан тазарту жұмысын оңтайландырып, заманауи деңгейге көтере аламыз. Нақты деректер мен автоматтандыруды қолдану арқылы біз барлық жол пайдаланушылары үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп қана қоймай, мұзға қарсы дәстүрлі күрес әдістеріне жұмсалатын ресурстарды да азайтамыз.
Осыған ұқсас технология Канада мен Норвегияда да қолданылады. Канаданың Онтарио, Альберта, Квебек провинцияларында жасанды интеллект жолдағы шұңқырлар, жарықшақтарды анықтайды. Былайша күрделі ештеңесі жоқ. Дрон арқылы немесе көлікпен жүріп түсірілген суреттерді алып, бір жүйеге топтастырады. Есесіне осы арқылы жолдың жағдайын анық әрі тез біліп отырады.
Тегтер #Швеция #жасанды интеллект #көктайғақ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz