RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдік нарықта күріш қоры сарқылып барады

19.11.2025, 07:40 365

Әлемдік нарықта күріш қоры сарқылып барады. Су тасқыны жаһандық күріш өндірісінің 4,3%-ін жойып жіберген. Бұл туралы Стэнфорд университетінің ғалымдары Science Advances журналында көлемді мақала жарялады. Зерттеулерге сәйкес 1980-2015 жылдар аралығында күріш нарығына жыл сайын 18 миллион тонна шығын келген. Ал күрішке сұраныс жоғары. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

Иә, табиғаттың тосын мінезі күріш өндіруші елдерге едәуір салмақ түсіріп отыр. Десе де өнімді экспорттаушы мемлекеттер өндіріс қарқынын тоқтатпақ емес.

Күріш қоры сарқылып барады

Адамзат күрішті күніне 3-4 мәрте тұтынады. Әсіресе Азияда бұл дақыл 4 миллиард адам үшін нан мен картоп орнына азық. Осыдан болар, әлемдік күріш нарығының 85%-ін Азиядағы 10 ел қамтамасыз етіп отыр. Ең көп үлесі Үндістанға тиесілі. Ал Қытай 27%-ін қамтамасыз етеді. Индонезия, Вьетнам, Тайланд, Филиппин, Бирма, Пәкістан және Камбоджа да жыл сайын, күріш егіп, эскпортқа шығарады. Алайда кейінгі жылдары табиғи апаттардың жиілеуі салдарынан егістік алқаптары бүлініп, өнім бітік шықпай тұр. Мәселен, биыл Пәкістандағы басмати күріш алқабының 20%-і жарамсыз болып қалды. Бұл жергілікті және әлемдік нарықтағы күріш бағасының қымбаттауына әкеледі.

«Алдағы онжылдықта ірі күріш өсірілетін өңірлерде жауын-шашын мөлшері 1980–2015 жылдар аралығындағы орташа деңгеймен салыстырғанда 13% көп түсуі мүмкін. Десе де ыстық әрі құрғақ ауа райы сулардың тез булануына әкеледі. Нәтижесінде күріштің қалыпты өсуі мен дамуына қажетті ылғал деңгейі сақталуы мүмкін. Өйткені жалпы күріш – ылғалды жақсы көретін дақыл» — Чжи Ли, Колорадо университетінің доценті.

Күріштің 120 мыңнан астам сұрпы бар. Бұл дақылдың физикалық төзімділігін және қоректік құндылығын арттырудағы әлеуетін көрсетеді. Қазір ғалымдар күріш өндірудің түрлі әдіс-тәсілін ойлап тапқан. Азия елдерінде Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы шығарған күріш сұрпы пайдаланылады. Бұл тасқын-селге де, құрғақшылыққа да төзімді. Климаттық өзгерістерге бейім болғандықтан Азиядағы 20 млн гектар алқапта күріш өсіретін шаруаларға пайда әкеледі әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір күріштің бұл сұрпы Үндістан, Бангладеш, Филиппин, Индонезияда өсіріледі. Сондай-ақ күріштің танымал IR8 атты түрі Азияны өткен ғасырдың 60-70 жылдары аштықтан құтқарып қалғаны белгілі. Бұл инновация Оңтүстік-шығыс Азиядағы ауыл шаруашылығын дамытуға серпін берді. 

Осыдан болу керек, Біріккен Ұлттар Ұйымының өткен айдағы болжамында бұл дақылдың өнімділігі артады деп көрсетілген. Биыл жыл соңына дейін ұйым 556,4 млн тонна өнім түседі деп отыр. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 1 млн тоннаға көп және өткен жылғы көрсеткіштен 1,2% жоғары.  

 

Агроөнеркәсіп шығынға батты 

Дегенмен кейінгі 33 жыл ішінде табиғи апат салдарынан әлемдік ауыл шаруашылық саласына 3,26 триллион АҚШ доллары шығын келді. Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегіне сүйенсек, 1991–2023 жылдар аралығында түрлі дауыл, тасқынның кесірінен 4,6 миллион триллион астық, 2,8 миллиард тонна жеміс-жидек пен көкөніс, 900 миллион тонна ет пен сүт өнімдерінің қоры сарқылған. Ең көп шығын Азия елдерінде. Жалпы көлемнің 47%-і. Бұл 1,53 триллион доллар. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz