Қытай ғалымдары адамзатқа 3 миллион жыл бойы беймәлім болып келген көлді зерттейді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жақтан керек-жарақ тиелген экспедициялық мұзжарғыш қос кеме сапарға шықты. Ал ежелгі айдын Антарктидадағы мұздықтар астында жатыр.
Барлау мәліметтеріне сәйкес көлдің көлемі 370 шаршы шақырым, тереңдігі 200 метрге дейін жетеді. Енді ол жерден сынама алу үшін мамандар қалыңдығы 3600 метр мұзды бұрғылайды. Олардың айтуынша, көлдің ғасырлар бойы күн көзінен тасада әрі жоғары қысым мен экстремалды төмен температурада сақталуы аса құнды микробилогиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. «Сондай-ақ Антарктикадағы мұз қыртыстарының эволюциясын анықтап, жаһандық климаттық өзгерістердің себеп-салдарын зерделеуге жол ашады», – дейді ғалымдар.
Го Цзинсюэ, мұзасты көлдерін зерттеу жөніндегі топтың жетекшісі:
- Мұзасты көлі Антарктиданың шығыс бөлігінде орналасқан. Көлемі жағынан екінші орын алатын бірегей айдын. Мұздықтарды бұрғылау кезінде ыстық су мен термиялық еріту технологиясы қолданылады. Себебі көлден алынатын сынама құрамы бұзылмауы керек. Ол аса маңызды. Қазір экспедиция толық құрамда жолға шықты. Зерттеу жұмыстары келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады.
Тегтер #Қытай #көл #Антарктида #зерттеу жұмыстары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz