RU
Толық нұсқаға өту

Өрт оқиғалары қай елдерде жиі тіркеледі?

21.11.2025, 18:00 376

Бангладеште өрт қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Былтырдың өзінде ел аумағында 27 мыңға жуық өрт тіркелді. Салдарынан 140 адам қаза тапты. Қызыл жалын, көбінесе, тұрғын үйлерді шарпыған. Ал Үндістан астанасы Нью-Делиде өрт саны бір жылда 37%-ға өскен. Халықтың тығыз қоныстануы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы жағдайды одан әрі қиындатып отыр.

Бангладештегі тілсіз жаудың басты себептері ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы аталады. Бұл осы елде тіркелген барлық өрттің 34%-ы. Одан кейін өрттің шығуына сөндірілмеген темекі, пеш, газ балонының жарылуы түрткі болған. Мамандар адами факторларды да жоққа шығармайды. Тұрғын үйлерде жеті мыңнан аса жағдай тіркелген. Бұдан бөлек, дүкен, сауда орталықтары, базар, фабрика, тігін өнеркәсібі кәсіпорындарында жиі жалын тұтанған. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі қызмткерлері былтыр 19 мыңға жуық оқу-жаттығу шараларын өткізген.

Көршілес Қытайда да өрт жиі шығады. Оған өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, ақауы бар электр жабдықтарды пайдалану, электр желісінің шамадан тыс жүктемесі себеп. Урбанизация мен халықтың тығыз қоныстануы жағдайды күрделендіре түскен. Жаңа тұрғын үйлер көз ілеспес жылдамдықпен бой көтеруде. Ал құрылыс барысында қауіпсіздік нормалары сақталмай жатады. Сондықтан өрт кезінде тұрғындарды эвакуациялау қиындайды. Бұдан өзге Қытайда орман өрттері де жиі болады. Былтыр 65 мыңға жуық жағдай тіркелген.

Үндістан астанасы Нью-Делиде 2024 жылы өрт саны 37%-ға ұлғайды. 100-ден аса адам опат болды. Мамандар қайғылы оқиғалар көбіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болатынын айтады. Қызыл жалын, әсіресе, жаз айларында жиілейді. Тұрғын үй, ғимараттарда эвакуация жолдарының дұрыс қарастырылмай, өрт сөндіру құралдарының болмауы және электр сымдарының тозуы жиі тіркеледі. «Бұл факторлар өртпен күресті қиындатып, қарапайым тұрғындарға да, өрт сөндіру қызметкерлеріне де қауіп төндіреді», - дейді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz