RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-ты дәрі-дәрмек өндірісінің Қытайға тәуелділігі алаңдатады

27.11.2025, 07:30 406

Қытай әлемдегі дәрі-дәрмек өндірісінің монополисіне айналып барады. Бұл мәселе АҚШ-ты қатты алаңдатып отыр. Конгресс қабырғасында да осы мәселе сөз болды. Себебі Құрама Штаттардағы әр төртінші дәрінің негізгі құрамдас бөлігі Қытайда өндіріледі. Әгәрәкім, шекісіп қала беретін екі алыптың арасынан тағы бір қара мысық жүгіріп өтсе, Бейжің Америкаға дәрі бермей қоя ма деген қауіп басым. АҚШ сол себепті Қытайға тәуелді болмауды ойластыруға көшті. Енді Вашингтон бұл жоспарын қалай жүзеге асырмақ?

АҚШ-тағы дәрі-дәрмек өндірісіне қажет компоненттің жартысына жуығы Қытайда шығарылады және оның экспортын Бейжің қатаң бақылап отыр. Бұл Вашингтон билігін алаңдатып отырған бірден-бір мәселе. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Екі ел арасындағы серіктестікке сызат түссе, АҚШ-тың медицина саласының хәлі мүшкіл болмақ.

АҚШ-тың дәрі-дәрмек өндірісі Қытайға тәуелді

Конгресс дәрі-дәрмек өндірісіне қатысты арнайы заң қабылдайды. Яғни Құрама Штаттардың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының құзіретін кеңейткелі отыр. Қабылданатын құжат аясында АҚШ-тың фармацевтикалық компаниялары қажетті компоненттердің көлемін және оның қай елде шыққанын көрсетуге міндеттеледі. Сондай-ақ Қытай шикізатынан бас тартуға кеңес береді. 2000 жылдардың басында Қытайды дәрі-дәрмек нарығында ешкім елемеген. Араға 20 жыл салып, Бейжің Америкада шығарылатын медициналық препаратқа қажетті компоненттердің 45%-ін жеткізіп беріп отыр.

Лиланд Миллер, АҚШ қауіпсіздігін бақылау комиссиясының мүшесі:

- Амоксициллин секілді антибиотик әлемнің бірнеше елінде шығарылады. Бірақ оның негізгі 4 құрамдас бөлігі тек Қытайда өндіріледі. Фармацевтикалық жүйенің ең осал тұсы осы. Ол тек бір елге, яғни Бейжіңге тәуелді. Егер Қытай оның экспортын шектесе, бүкіл әлемде қарапайым антибиотиктің өзін таппай қалуымыз мүмкін.

«Блумберг» басылымының дерегі бойынша Қытай әлемде бірнеше химиялық компоненттің жалғыз экспорттаушысы саналады. Бұлар 700-ге жуық медициналық препарат жасауда қолданылады. Ал короновирус пандемиясы тек бір елге тәуелді болу қауіпті екенін көрсетті. Бірақ Конгресс заңнамаға қанша өзгеріс енгізсе де, дәрі-дәрмек нарығындағы Бейжің үлесін анық есептеп беру мүмкін емес. Себебі батыстағы бірқатар компания Қытай тауарларын лицензиялап, өз өнімі ретінде сатады. Сондықтан Ақ үй мұндай келісімдерді шектеуге ниетті.

 

АҚШ дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне алаңдаулы  

АҚШ медициналық препараттарды шығаруға қажетті шикізат өндірісін өзіне қайтарғысы келеді. Алайда бұл оңай іс емес. «Фармацевтикалық компаниялардың шығыны кем дегенде 50% артады», – дейді сарапшылар. Ал бұл бірініші кезекте, америкалықтардың қалтасына салмақ салары анық. Яғни дәрі-дәрмектің қымбаттауына әкеледі. Қазір фармацевтика саласындағы 124 америкалық компанияның 79%-і Қытайдағы серіктестерімен бірлесіп жұмыс істейді. АҚШ-та толыққанды өндіріс ашайын десе, қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан Вашингтон бұл мәселені шешу үшін субсидиялау тетігін іске қосуды жоспарлап отыр.

Мартин Макари, АҚШ азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының комиссары:

- Дәріге қатысты зерттеулер АҚШ-тың өзінде жүргізілсе, онда компанияларға салынатын салықты азайтуға болады. Қытайға тәуелділіктен арылу – қиын әрі ұзаққа созылатын үдеріс. Бұл үшін Құрама Штаттар экономикасы мен нарыққа үлкен өзгеріс енгізуі қажет.

 

2032 жылы дәрі-дәрмек саудасы $3 трлн асады

Былтыр әлемдегі дәрі-дәрмек саудасы 1 трлн 763 млрд долларға жетті. 2032 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 трлн доллардан асуы мүмкін. Fortune Business insights сарапшылар осылай деп топшылайды. Бұл жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен 2%-і. Нарықтың жылдық өсімі 7,5% деп болжанып отыр. Әлемдегі дайын препараттар нарығының 35%-і АҚШ-қа тиесілі. Алайда сол дәрі-дәрмекке қажетті компоненттер нарығының сөзсіз көшбасшысы Қытай саналады.

Қызығы сол, әлем, жұртты әбігерге салған пандемия, биылғы Гонконг вирусы барлығы Қытайдан тарады деп есептейді. Жаны қысылғанда адам дәріден ақшаны аямайды, әрине. Ал сол дәрі-дәрмектің өндірушісі кім? Әрине, Қытай. Яғни бір қолымен елді дүрліктіріп, екінші қолымен ем жасап отырған жоқ па деген де қауіп бар елде. Бірақ қажет дүниені тез өндіріп, алушының қолына ұстата қоятын Қытайдың бәсі қашанда жоғары.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz