RU
Толық нұсқаға өту

Мамандар: Әйелдер үшін өлім қаупі ең жоғары орын – ол оның өз үйі

27.11.2025, 07:50 445

Әйелдер үшін ең қауіпті орын өз үйі болуы мүмкін. БҰҰ-ның 2025 жылғы фемицид туралы баяндамасында осылай жазылған. Себебі әлемде әр 10 минут сайын 1 әйел өз жақындарының қолынан мерт болады.

Бұл әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күніне орай бейбіт шеруге шыққан Кито мен Париж тұрғындары. БҰҰ есебі бойынша өткен жылы 83 мың әйел мен қыз бала қасақана өлтірілген. Оның ішінде 60%-і жақындарының қолынан бақилық болғандар. Ұйымның 2025 жылғы фемицид туралы баяндамасы тәулігіне 137 қыз баласы, яғни әлемде 10 минут сайын біреуі зорлықтан қайтыс болатынын көрсетті. Салыстыратын болсақ, ер адамдар арасындағы өлім жағдайларының тек 11%-і жақын-жуығының тарапынан жасалған.

Сара Хендрикс, БҰҰ әйелдер саясаты бөлімінің директоры:

- Зорлық бір сәтте бола салмайды. Бұл көбіне тұтас тізбектің нәтижесі. Әдетте әйелдер бастапқыда бақылаудан, қоқан-лоқыдан, қудалаудан өтеді. Оның ішінде онлайн қудалау – кейінгі кезде жиілеп кеткен мәселе.

Мамандар: «әйелдер әлемнің барлық өңірінде зорлық-зомбылыққа ұшырайды», – дейді. Жақынынан қысым көретіндердің ең жоғары көрсеткіші Африкада тіркелген, одан кейін Америка, ал үшінші орында Тынық мұхиты өңірі. Негізінен бұл күнді құқық қорғаушылар 1981 жылы бекіткен. Ол 1960 жылы Доминикан Республикасында диктатор Рафаэль Трухильоның бұйрығымен өлтірілген саяси белсенділер, әпкелі-сіңлілі Мирабаль құрметіне арналған.

Кэндис Уэлш, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарма өкілі:

- 2024 жылы әлем бойынша шамамен 50 мың әйел мен қыз жақындарының қолынан қаза тапқан. Бұл ғаламдық көрсеткіш. Сондай-ақ ресми деректерге сүйенсек, қасақана адам өлтірудің шамамен 90%-і ер адамдар тарапынан жасалады. Бұдан бөлек ер азаматтар көбіне сыртта қаза табады, ал әйелдер үшін өлім қаупі ең жоғары орын – ол оның өз үйі.

БҰҰ әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою үшін кешенді шаралар жүргізіп келеді. «БҰҰ-әйелдер» мен Есірткі және қылмыс басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы деректерді әлемдік деңгейде жинап, сараптайды және мемлекеттерге арнайы нұсқаулықтар мен  ұсынымдар береді. Сонымен қатар дағдарыс орталықтарына қолдау көрсетіп, қысым құрбандарына арналған қауіпсіз баспаналарды қаржыландырады, ал «UNITE» жаһандық кампаниясы қоғамда зорлықты мүлде қабылдамау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

Каллиопи Мингейру, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі:

- Тек ақпараттандыру аздық етеді. Заңдар да қажетті әсер бермейді. Ең алдымен бюджет керек. Жазасыздықпен күресу қажет. Сондықтан полицияның, құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің рөлі өте маңызды. Өйткені олардың қолында жеткілікті әлеует, шынайы ақпарат және тиісті құралдар бар. Сол кезде ғана бұл істер сотқа жетіп, әділдік орнайды.

Мамандардың айтуынша, заңдар мен ақпараттық науқандар жеткіліксіз. Нәтижеге қол жеткізу үшін тұрақты бюджет, саяси ерік және құқық қорғау жүйесін күшейту қажет.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz