RU
Толық нұсқаға өту

Гонконгте өрттен қаза тапқандар саны 65-ке жетті. LIVE

27.11.2025, 19:13 313

Гонконгтегі өрт кезінде опат болғандар саны 65-ке жетті.

Қызыл жалын әлі толық сөнген жоқ. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен арпалысып жатқанына бір тәуліктен асты. Жоғалғандар табылмай жатыр. Көмекке Қытай халық-азаттық армиясы тартылды. Қызыл жалынның тұтануына не себеп? Неліктен ауыздықтау қиын болып жатыр?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Гонконгтағы өрт жемқорлықтың кесірінен болуы мүмкін. Бұл мәселе Қытай қоғамында резонанс тудырды. Осыдан кейін жергілікті жемқоралыққа қарсы күрес қызметі тәуелсіз комиссия құрды. Қазір жұмыс тобы жаппай тексеру жүргізуге кірісті.

Осыншама адам өліміне алып келген алапат өрт Гонконг тарихында кейінгі 30 жылда тіркелмеген. Өрт Тайпо ауданындағы тұрғын үй кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерден шыққан. Оған құрылыс кезінде өртке төзімсіз әрі сапасы төмен материалдар қолданылуы себеп болуы мүмкін. Сарапшылар өрттің тез таралуына үй сыртына өрілген бамбук тіреуіштер мен пластик торлар әсер еткен деп топшылайды. Бұған дейін құрылыс компаниясының үш қызметкері ұсталғандығы туралы хабарланған еді. Арнайы комиссияның жұмыс қорытындысынан кейін кінәлі тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады. 

Джон Ли, ҚХР Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы:

- Тергеп тексеру мен құтқару шаралары қатар жүріп жатыр. Қазір биік қабаттардағы өртті дрондармен бақылап отырмыз. 800 өрт сөндіруші және 140 өрт сөндіру техникасы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. 60 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Зардап шеккендер мен жарақат алғандарға толық көмек көрсетіледі. Қайтыс болғандардың отбасылары және туған-туыстарымен психологтар жұмыс істеуде.

Қазір тұрғын үй кешенінде өртенген 7 көп қабатты үйдің 4-і сөндірілді. Қалған үшеуі әлі өртеніп жатыр. Қайтыс болған 55 адамның тізімі жарияланған жоқ. Тек бір адам туралы мәлімет бар. Ол 37 жастағы өрт сөндіруші. Соңғы ресми ақпарға сәйкес құтқарушылар қызыл оттың ішінен 55 адамды аман алып шыққан. 70-тен астам адам ауруханаға жеткізілген. Оның оны өрт сөндірушілер.  200-ден астам адам әлі табылмады. Қытайдың халық-азаттық армиясының әскерилерін жұмылдыру туралы шешім қабылданды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Осы төтенше жағдайдан кейін жергілікті билік Гонконгта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан барлық нысандарды қатаң бақылауға алды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамағандар жауапкершілікке тартылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz