Франция ерікті әскери қызмет енгізбек.
Бұл туралы бүгін Президент Эммануэль Макрон Альпідегі әскери базаға жиналған ұлттық армия өкілдерінің алдында мәлімдеді. Шешім Еуропадағы геосаяси ахуалдың ушығуы және француз қоғамының ықтимал қатерлерге дайындығы жөніндегі пікірталастар аясында қабылданып отыр.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
«Отан өз жастарына сүйенеді» деген Эммануэль Макрон, бүгін Альпіде орналасқан әскери базада Францияда ерікті әскери қызметтің енгізілетінін жариялады. Оның айтуынша, армияны күшейту және елді жұмылдыру қажеттілігі – геосаяси жағдайдың шиеленісуінен туындаған міндет. Мұндай риториканы Макрон жақында Оңтүстік Африкадағы G-20 саммитінде де қозғаған. Белгілі болғандай, жаңа ұлттық қызмет кезең-кезеңімен, 2026 жылдың жазынан басталады. Алғашқы мақсат – 3 мың еріктіні жұмылдыру. Кейін бұл көрсеткішті 2035 жылға қарай 50 мың жасқа жеткізу көзделген. Қызмет мерзімі – 10 ай. Бағдарламаға кәмелетке толған ерлер мен әйелдер қатыса алады. Ай сайынғы төлем шамамен 1000 еуро болмақ.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Бұл жастар тек ұлттық аумақта, яғни метрополия мен теңіз асып жатқан өңірлерде қызмет етеді. Бұл өз жерін қорғауға арналған қызмет, және бұл талап заңмен бекітіледі. Олардың қатысуы ынталандырылады әрі лайықты бағаланады. Қазірдің өзінде үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Күш басым түсіп, соғыс қайтадан шынайы қауіпке айналған әлемде халқымыз қорқынышқа, дүрбелеңге немесе алауыздыққа берілмеуі тиіс.
Франция Қарулы күштерінде 200 мыңнан астам әскери қызметкер мен 47 мың резервист бар. Алайда Құрлық әскерлері штабының бастығы генерал Пьер Шилль бұл жеткіліксіз екенін, ұзаққа созылатын қақтығыстар жағдайында армияға қосымша «массаны» дәл ерікті мобилизация қамтамасыз ете алатынын айтады. Негізі Франциядағы міндетті әскери қызмет 1996 жылы Президент Жак Ширак тұсында тоқтатылған. Соңғы бес жылдан бері елде Жалпыұлттық қызмет – SNU бағдарламасы жұмыс істейді. Жастарға арналған бір айлық әскери-азаматтық дайындық курсы бүгін жарияланған жаңа модельге ұқсас болғанымен, 17 жастағылар арасында танымал бола алмады әрі Қорғаныс министрлігінің қажеттілігін өтемеді.
Қоғамда да соғыс қаупіне дайын болу туралы ақпарат ауыр қабылдануда. Жақында бас штаб бастығы генерал Мандонның ел «өз ұлдарын жоғалтуға дайын болуы керек» деген сөзі үлкен резонанс тудырды. Сонымен қатар ол экономикалық қиындықтарға дайындық қажет екенін ескерткен еді. Осыдан кейін Макрон Франция жастарын Украинаға жіберу жоспары жоқ екенін арнайы хабарлады. Дегенмен, бүгінгі мәлімдемелер елдің әскерді күшейтіп, кез келген дағдарысқа дайын болуға ұмтылуының айқын көрінісі.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #Франция #ерікті #әскери #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz