RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдік валюта нарығы құбылып тұр

05.12.2025, 19:39 334

Қазір әлемдік валюта нарығында басты назар АҚШ Федералды резерв жүйесінің желтоқсан айындағы шешіміне ауып отыр.

Қаржыгерлер доллар тағы да әлсіреуі мүмкін дейді. Бұл нарыққа қалай әсер етеді?

Жаһандық инвесторлар ФРЖ мүшелерінің кезекті отырысын жіті бақылауда. Сарапшылардың негізгі болжамы – мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендеуі мүмкін. Егер бұл болжам расталса, доллар қысқа мерзімде әлсіреуі ықтимал. Ройтерс агенттігі валюта жыл басынан бері шамамен 9 пайызға арзандады, бұл 2017 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш дейді. Бұған еңбек пен қаржы нарығындағы тұрақсыздық әсер еткен. Агенттік 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында 52 қаржы маманына сауалнама жүргізген. Оның 44-і доллар жыл соңына дейін осы қалыпта қалады деп отыр.

Ал Еуроның қазіргі деңгейі тұрақты. Еуропалық орталық банк жариялаған референттік бағам бойынша бір еуро шамамен 1.17 доллар деңгейінде сақталуда. Аймақтағы кәсіпкерлер белсенділігінің жоғарылауы мен  АҚШ-тағы еңбек нарығының тұрақсыздығы еуроның нығаюына әсер етті. Мамандар Еуропалық орталық банк мөлшерлемені жақын уақытта төмендетпейді деп болжайды.

Жапония банкінің соңғы мәлімдемелері аймақтағы нарыққа жан бітірді. Банк басшысы Кадзуо Уэда 20 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені көтеруі мүмкін екенін айтты. Бұл жаңалық жапондық иенді біраз құбылтты. Ал Қытайда жағдай қалыпты. Ел экономикасы баяулағанымен, билік валюта бағамындағы құбылмалылықты азайтуды көздейді. Сарапшылар юаньның жақында сәл нығаюы мүмкін екенін айтады, бірақ Қытайдың экспортқа бағытталған экономикасы үшін тым қымбат юань қажет емес. Сондықтан орталық банк дәл қазір теңгерімді саясат ұстанып отыр.

Үндістан

Бүгін Үндістанда Резервтік банк мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетіп, 5,25 пайызға жеткізді. Бұл ел экономикасына жаңа дем беру үшін жасалған қадам, дейді мамандар. Сондай-ақ банк осы айда 1 триллион рупийге, шамамен 11 миллиард долларға облигациялар сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек жаңа жылға дейін 5 миллиард доллар көлемінде валюталық своп іске асырылмақ. Демек, банк доллар сатып алып, оны үш жылдан кейін қайтарады. Бұл рупийді нарықта нығайтатын ұзақ мерзімді жоспардың бірінші қадамы. 

Әйгерім Ардаққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz