RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда бала мен анаға алимент төленеді

07.12.2025, 10:11 419

Түркияда алимент балаға ғана емес, әйелге де төленеді. Алайда бұл төлем әйел жұмыс тапқанша немесе тұрмысқа шыққанға дейін міндетті. Ал оның мөлшері  шамамен 50 мың теңге. Кейде бұдан да төмен болуы мүмкін. Қаражат қалай есептеледі? Бұрынғы жарына алимент төлеудің қандай құқықтық негізі бар? 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда алимент төлеу тәртібі заңмен қатаң  реттеледі. Бұл елде міндетті төлем тек балаға ғана емес, қажет болса бұрынғы жарына да тағайындалады. Тіпті кей жағдайларда әйелдің бұрынғы күйеуіне алимент төлеуі қарастырылған. Ал төлем мөлшері тараптардың өзара келісімі немесе табыс деңгейіне байланысты есептеледі. Оны белгілеу – соттың құзыретінде.

Түрік Азаматтық Кодексіне сәйкес, сот алимент мөлшерін тараптардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын ескере отырып белгілейді. Егер ерлі-зайыпты келісіммен ажырасса, төлем мөлшерін өздері бекітеді. Ал даулы ажырасуда мүлік бөлісу де, алимент те сот арқылы шешіледі. Заңгерлердің айтуынша, мұндай процесс кемі екі жыл, кейде бес жылға дейін созылуы мүмкін.

Әйгерім Сәбит Быкмаз, адвокат:

- Келісіммен ажырасатын болса, ерлі-зайыптылар бір айдың ішінде ажырасуы мүмкін. Екі тарап келісімшартқа келеді. Одан бөлек, кім кімге қанша алимент төлейді, балаларға төлене ме немесе жұмыс жасамайтын бұрынғы жұбайына кедейлікке байланысты алимент төлене ме, сол жазылады.

Кедейлік алименті ерлі-зайыптының қайсысы жұмыссыз болса, соған тағайындалады. Түркияда әдетте мұндай көмекке әйелдер жүгінеді. Бұл төлем бұрынғы әйелі қайта тұрмысқа шыққанға дейін жасалады. Арада өзара келісім болса, оның мерзімі қысқаруы да мүмкін.

Әйгерім Сәбит Быкмаз, адвокат:

- Кедейлік алименті әйелдерге байланысты жұмысқа тұрғанға дейін немесе күйеуге шыққанға дейін төленеді. Ал ер адамдарға жұмысқа тұрғанға дейін төленеді. Балаларға қатысты алименттер бала 18 жасқа, кәмелетке толғанға дейін төленеді. Балалар университет бітіргенге дейін өз әкесінен немесе анасынан көмек алиментін талап ете алады.

Анкара қаласының тұрғыны Юнус Пехливаноғлұ бес айдан бері бұрынғы әйелі мен баласына алимент төлейді. Айтуынша, бұл оған салмақ салмайды, керісінше, олардың тұрмыс-тіршілігі үшін қажет қолдау деп санайды. Келісім бойынша ол әйелі мен баласына ай сайын 10 мың лирадан төлеп жүр. Бұдан бөлек, баласының балабақша, киім-кешек, кеңсе тауарларына қосымша шығындарын өтейді. Айына жалпы 35 мың лира, шамамен 420 мың теңге жұмсайды.

Юнус Пехливаноғлұ, Анкара қаласының тұрғыны:

- Алимент төледім, балама қатысты міндетім бітті деу – қате. Мүмкіндік болса, қосымша шығындарын да өтеймін. Өйткені менің бұған жағдайым жетеді. Бұрынғы әйелім жұмыссыз болғандықтан, оған да кедейлік алиментін төлеймін. Алайда өзара келісім бойынша ол бұл көмекті бір жыл ғана алады. Әйеліме алимент тоқтағанмен, балама көмекті үзбеймін. Өйткені ол менің әкелік міндетім.

Ал айлығы шайлығынан артылмайтын әкелер өте аз көлемде алимент төлейді. Десе де міндетті төлемнен басын ала қашатындар да бар. Мұндайда Түркия заңына сәйкес, мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылады. Борышкердің есепшоттары бұғатталып, жалақысынан міндетті төлем ұсталады. Ал қасақана төлемегендер үш айға дейін қамауға алынуы ықтимал. 

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz