Халқы көп Бангладештің онсыз да тар жері одан сайын тарылып барады. Өйткені жағалау опырылып, су елді мекендерге таяп келеді. Осы себепті тұрғындар жылы орнынан жылыстап, ішке қарай көшіп жатыр.
Жалпы мұндай жағдай әлемде өзге де елдерде кездеседі. Мұның соңы болшақта климаттық мигранттар санын 130 миллионнан 500 миллионға дейін көбейтеді деген үрей бар.
Нурун Набидің Брахмапутра өзенінің бойындағы жаңа аралға қоныстанғанына көп уақыт өткен жоқ. Қазір ол бір жыл бұрын салған үйін қайта бұзып, жаңа жерге көшуге мәжбүр. Себебі өзен ағысының күшеюі мен жағалаудың үнемі опырылуы аралдағы үйлердің ұзақ сақталып тұруына мүмкіндік бермейді. Осындай жағдайғадан Нурун бірнеше жылдың ішінде баспанасын үшінші рет ауыстырғалы отыр.
Нурун Наби, жергілікті тұрғын:
- Қоныс аудару күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Жылына екі, тіпті үш рет көшетін кездер болады. Өз басым, кем дегенде 31 рет қоныс ауыстырдым. Алайда жаңа барар жеріміздің де ұзаққа шыдайтынына кепіл жоқ. Онда жерді жалға алудан басқа амалымыз жоқ.
Нөсер жауыннан су тасқыны мен өзен деңгейінің күрт көтерілуі эрозия процесін үдеткен. Аймақта бұл бұрыннан байқалатын табиғи құбылыс болғанымен кейінгі жылдары ол айтарлықтай күшейген. Сарапшылар елдегі урбандалу деңгейінің өсуі де табиғи процестерге қосымша қысым түсіріп отырғанын айтады.
Малик Фида Хан, климатолог:
- Климаттың өзгеруі Бангладешке айтарлықтай әсер етіп отыр. Әсіресе жағалаулардың опырылуы мен өзен арналарының бұзылуы бұрынғыдан жиіледі. Жауын-шашынның өзгеруі және су ағысының бағытының ауысуы – эрозияның одан әрі күшеюіне ықпал етеді. Климаттық өзгерістің тағы бір маңызды факторы – урбандалу.
Бангладештің солтүстігіндегі Куриграм ауданында жыл сайын жүздеген отбасы осындай қиындықты бастан өткереді. Олар тек үйлерінен ғана емес, егістік алқаптарынан, мал-мүлкінен айырылып қалып жатыр. Бұрын миллиондаған адамға тіршілік көзі болған Брахмапутра, Тиста және Дхарла өзендерінің тасуы жердің опырылуына әкеліп, көп залал келтіріп отыр.
Джохурул Али, жергілікті тұрғын:
- Егер аймаққа геоқаптар көбірек жіберілсе, осы жерде ештеңе болмаса, бірнеше жыл тұрақтауға мүмкіндік болар еді. Сонда балаларымыздың оқуына көңіл бөле алатын едік. Егер бұл жерді су шайып кетсе, мектеп те жайында қалады.
Ел өзен тасқындарының алдын алу үшін бөгеттер салып, су тасқынын болжау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Алайда халықаралық ұйымдардың жаппай қолдауы мен қаржыландыру жеткіліксіз болса, бұл әрекеттердің бәрі сәтсіз аяқталуы мүмкін.
Авторы: Динара Орынтай
Тегтер #Бангладеш #климаттық жағдай #Адам саны
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz