Палестиналықтардың басына тағы да қара бұлт үйірілді. Израиль Иордан өзенінің Батыс жағалауына 19 еврей қонысын салады.
Сөйтіп Палестина болашақ тәуелсіз мемлекеттің негізі ретінде қарастырып отырған Батыс жағалау аумағын толығымен иемденіп алмақ. Қазір Батыс жағалаудағы жергілікті тұрғындар - палестиналықтарды Тель-Авив әскері күштеп көшіріп, үйлерін бұзып жатыр.
Израиль Иордан өзенінің Батыс жағалауында 19 заңсыз қоныс салмақ. Мұны Үкіметтің қауіпсіздік кабинеті мақұлдады. Бұл ұсынысты елдің қаржы министрі Бецалель Смотрич пен қорғаныс министрі Исраэл Кац жасаған еді.
Осылайша, кейінгі 3 жылда Израиль тарапы мақұлдап, заңдастырған қоныстардың жалпы саны 69-ға жетті. 1967 жылы Таяу Шығыстағы «Алтыкүндік соғыс» кезінде Израиль Батыс жағалау мен Иерусалимді басып алды. Осының нәтижесінде мұнда алғаш рет «Кфар-Эцион» атты қоныс пайда болды. Қазір Шығыс Иерусалимді санамағанда, Батыс жағалауда 3 млн-ға жуық палестиналық тұрады. Ал олардың жерін күштеп тартып алған израильдіктердің саны 500 мыңға жетті. 365 заңсыз еврей қонысы бар.
Бецалель Смотрич, Израильдің Қаржы министрі:
- Бұл шешім Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейді. Біз тарихи мұра болып қалған жерімізді дамытуды, қоныстандыруды және онда құрылыс жүргізуді жалғастыра береміз. Бұл 1967 жылы Таяу Шығыс соғысы кезінде Израиль басып алған Батыс жағалауда еврейлердің орналасуын нығайтудың ауқымды стратегиясының бір бөлігі.
БҰҰ Израильдің әрекетін сынға алды
Алайда әлемнің бірақатар елі Израильдің бұл әрекетін қатаң сынға алды. Өйткені басып алынған аумақта еврей қоныстарын салып, тұрғындарды мәжбүрлеп көшіру халықаралық құқықты бұзады.
Біріккен ұлттар ұйымының резолюциясына да қайшы. Бүгінде Палестина бақылаушы мемлекет. Тәуелсіздікке ұмтылғанымен, Израиль бұған үзілді-кесілді қарсы. Себебі өз қауіпсіздігіне төніп тұрған қатер деп санайды. Еврей қоныстарының көптеп салынуы Палестинаның егемендік алуына кедергі келтіріп отыр.
Рамиз Алакбаров, БҰҰ Таяу Шығыстағы Бейбітшілік процессі бойынша арнайы үйлестірушісі:
- Шығыс Иерусалимді қоса алғанда Батыс жағалауда еврей қоныстарының кеңейіп жатқанына қарсымын. Бұл екі ел арасындағы шиеленісті ушықтырып, палестиналықтардың өз жеріне деген қолжетімділігін шектейді. Сондай-ақ біртұтас, егеменді палестиналық мемлекеттің ғұмырына қауіп төндіреді.
Қазір Батыс жағалаудағы жағдай шиеленісіп тұр. Қоныстанушылардың тарапынан жергілікті тұрғындарға қарсы шабуылдар жиілеген. Палестиналық фермерлер жерінен, негізгі табыс көзінен айырылды. Бүгінде оларға аймақта үй салуға рұқсат алу мүмкін емес. 1995 жылы қол қойылған «Екінші Осло келісіміне» сәйкес, Израиль мен Палестина әкімшілігі арасында Иордан өзенінің Батыс жағалауы «A», «B» және «C» аймақтарына бөлінді. Аумақтың шамамен 18%-ын алатын «A» аймағы Палестинаның бақылауында. «B» аймағын, яғни, шамамен 21% жерді Израильдің бақылауымен палестиналық әкімшілік басқарады. Ал 61% жер аумағы тиесілі «С» аймағы Израильдің әкімшілік және күштік бақылауында.
Жыл басынан бері баспанасыз қалған 1 мыңнан астам палестиналық тұрғын «С» аймағынан көшіп, босып кетуге мәжбүр болды. Өйткені Израиль билігі заңсыз құрылысты желеу етіп, үйлерін бұзып тастаған.
Самар Аль-Мохр, қоныс аударушы:
- Мұнда нағыз трагедия. Лагеріміздегі барлық үй бұзылып, сау тамтығы қалмады. Анам, әпкем де баспанасыз қалып отыр. Израиль әскері күллі лагерьді жоқ қылды.
Б. Нетаньяхудың артында кім тұр?
Израиль билігіне ультра оңшыл Үкімет келгелі бері заңсыз қоныстардың құрылысы жоғары қарқын алған. Үкіметтегі партиялар палестиналық мемлекеттің құрылуына түбегейлі қарсы. Дәл осы ультра оңшыл және Израильдің діни-ұлттық партияларын Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың өзі жақтап отыр. Өйткені бұл оған тиімді. Одақтастарының қуатты қолдауының арқасында Нетаньяху да бостандықта жүр. Ал осы Үкімет басшысына қатысты 2020 жылдан бері сот жүріп жатыр. Ол жемқорлық қылмысына байланысты айыпталған. Бірақ процесс тым ұзап кетті. Биыл Премьер-министр Президенттен рақымшылық сұраған еді. Тіпті, сенімді серіктесі Дональд Трамп та Израиль президенті Ицхак Герцогке хат жолдап, рақымшылық жасауға шақырды. Бірақ президент бұдан бас тартты. Ал Израильде сот үкімі шықпайынша мемлекеттік қызметкер өз орнында қала береді.
Еврей қоныстарының көбеюі екі елдің тарихы тереңде жатқан жауластығын одан әрі өршітетіні анық. Қазір Палестинаның тәуелсіздігін 157 мемлекет мойындайды. Алайда АҚШ -тың мойындауына ие болмайынша, бәрі бекер.
Авторы: Мөлдір Жақан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Палестина #Израиль #ХАМАСPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz