RU
Толық нұсқаға өту

Сауд Арабиясында бюджет тапшы

29.12.2025, 21:10 261

Мұнайды суша сапырып отырған Сауд Арабиясы экономиканы әртараптандыруға мәжбүр. Туризм, құрылыс, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларына мемлекет қыруар қаржы құйып, тыңнан жол іздеуге кірісті. 

Алайда нәтиже айтарлықтай емес. Жағдай осылай жалғаса берсе, Сауд Арабиясы қара алтын кеніштерін көптеп игеруге бет бұруы мүмкін. Сарапшылар мұндай қадам ОПЕК елдерінің, ортақ мүддесіне қайшы келеді деп санайды. 

Сауд Арабиясы бюджетінің 60-70 пайызы мұнай саудасынан түсетін кірістен тұрады. Елдегі қара алтын кеніштерін игеретін компаниялар мемлекетке ортақ табыстың елеулі бөлігін салық ретінде төлейді. Ең ірі өндіруші «Saudi Aramco» негізінен үкіметке тиесілі. Сол себепті корольдік жылдар бойы көл-көсір пайдаға кенеліп келді. Алайда биыл тағы бюджет жетіспеушілігі сезілді. Оның мөлшері 4-5 пайызға шамалас. Жағдайды туризм, құрылыс, өнеркәсіп және қызмет көрсету саласындағы реформалар өзгертуге тиіс.

Стивен Грофф, Сауд Арабиясы Ұлттық даму қорының басқарушысы:

- Корольдік үкіметі экономиканы әртараптандыру керегін 10 жыл бұрын түсінді. Оған қажеттілік қазір қатты байқалып отыр. Мұнай әлемдік нарық үшін әлі де маңызды. Дегенмен қазіргідей тұрақсыздық кезеңінде басқа да кіріс көздерін дамытқан жөн. Ұзақмерзімді стратегиялар қомақты инвестицияны қажет етеді. Ал капиталы ағынын арттыруға жаңа заңдар мен ұғынықты ұстаным керек. Осының бәрін Эр-Рияд қазір қарқынды іске асырып жатыр.

Саудияда қор нарықтары біршама құлдырап, белсенділік төмендеген. Осы күні елде кей ірі инфрақұрылым жобалары тоқтап тұр. Ал экономика кірісін арттыратын спорттық және туристік жобалардан бас тарту қиын. Араб тарапы осы салада алдағы 10-15 жылда көптеген ірі бәсекені өткізуге ниетті. Жоспар бойынша бұл іс-шаралар инвесторлар назарын бұруы қажет.

Майк Маккейб, киберспорт бойынша әлемдік ұйымның директоры:

- Эр-Риядтағы әріптестеріміз біздің спорттық іс-шараларымызды тұрақты түрде ұйымдастырып береді. Олар үшін бұл туристік тұрғыда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі. Адамдар тек киберспорт бәсекесіне емес, елді кеңірек тану үшін келеді. Бұл ынтымақтастықтан екі жақ өзіне қажетін алады.

Ерекшелігі сол, арабтар жағдайды шетелдік сарапшы әрі нұсқаушы мамандар көмегімен реттеуге кірісіп кетті. Әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, экономиканы әртараптандыруға асық. Әзірге билік бюджет тапшылығы кесірінен ұлттық қорға жиі қол салып жүр. Ал мұның соңы қара алтын өндірісін мәжбүрлі түрде көбейтуге әкеледі. Сарапшылардың айтуынша, Эр- Рияд нарықтағы ықпалын сақтап қалу үшін келер жылы осындай қадамға баруы мүмкін. 

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz