Түркияда террорлық қауіп жойылды.
Бұл туралы осы елдің Президенті Реджеп Тайип Ердоған Анкарада өткен Министрлер кабинетінің отырысынан кейін мәлімдеді. Айтуынша, елде кейінгі жылдары жүргізілген қауіпсіздік саясатының нәтижесінде өңірде террор дәуірі аяқталды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда кейінгі жылдары қабылданған шаралар ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, аймақтағы тұрақтылықтың қалыптасуына ықпал етті. Осылай деген Президент Реджеп Тайип Ердоған ел ішінде және шекара сыртында жүргізілген операциялар нақты нәтиже бергенін қадап айтты. Бұл саясат алдағы уақытта үздіксіз жалғасады, дейді ол.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бүгінгі таңда біздің өңірде террордың дәуірі аяқталды. Террорлық ұйымдарға қарсы күресте табандылық танытып, елдің қауіпсіздігі үшін ешқандай ымыраға бармадық.
Түркия Президентінің айтуынша, билік мемлекетті жаңа деңгейге көтеру үшін барлық ресурсын жұмылдырып отыр. Қауіпсіздіктен бастап, экономика, саясат пен сауда сияқты барлық салаларда табандылықпен еңбек етіп келеді. Әсіресе қауіпсіздік саласындағы салмақты саясаттың нәтижесінде террористік ұйымдардың ел аумағында әрекет ету мүмкіндігі барынша шектелген.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Біз тек Түркияның емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігі үшін күресіп келеміз. Террордан таза аймақ – бейбітшілік пен тұрақты дамудың кепілі.
Ердоған сондай-ақ Сириядағы жағдайға тоқталып, көршілес елдің аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс екенін айтты. Бұдан былай Анкара лаңкестік ұйымдардың Сирия жерінде қайта күшеюіне жол бермейді.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Он үш жылдан астам уақытқа созылған, жүздеген мың адамның өмірін қиған қысымнан кейін Сирия тарихи мүмкіндікке ие болды. Бдан былай Сирияның болашағы жарқын болады деп сенеміз. Ал біз өз тарапымыздан сириялықтардың тыныштығын бұзатын кез келген әрекетке қарсы тұрамыз.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкара қауіпсіздік мәселесінде өз ұстанымынан айнымайды. Терроризмге қарсы саясат мемлекет деңгейінде жүйелі түрде жалғасып, елдегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға негізделмек.
Ә. Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков
Тегтер #Түркия #терроризм #қауіп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz