RU
Толық нұсқаға өту

Вице-президент институты: әлемдік тәжірибе 

21.01.2026, 08:03 298

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған тағы бір маңызды бастама елде вице-президент лауазымын тағайындау. Оны Конституциямен бекіту. 

Аталған лауазым иесі Президенттің тапсырмасын орындап, халықаралық форумдарда және өзге мемлекет өкілдерімен жүргізілетін келіссөздерде мемлекеттің мүддесін қорғайды. Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Бұл әлем елдерінде бар тәжірибе. 

Әлемде сайлау жүйесімен ерекшеленетін ел сөзсіз – АҚШ. Ел тарихында 45 рет президент пен 49 рет вице-президент сайланған. Бұл елде вице-президент Президенттен кейінгі тұрған ең жоғары лауазым иесі. Президентпен бірге төрт жылға сайланады. Егер президент қайтыс болса, отставкаға кетсе немесе қызметін атқара алмайтын жағдайда автоматты түрде мемлекет басқару ісі вице-президентке өтеді. Өйткені АҚШ-та вице-президент жай ғана «орынбасар» емес. Нақты конституциялық өкілеттігі бар, халықаралық кездесулерде ресми өкіл, президенттің кеңесшісі. Былтыр сайлауда Камала Харрис көптің есінде қалды. Ол вице-президент қызметін атқарған АҚШ саясатындағы алғашқы әйел. Ал қазір бұл міндетті Джи Ди Вэнс атқарады. Ол қызметіне кіріскеннен кейін, Таяу Шығыс, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысты. 

Әлем елдеріндегі вице-президент қызметі 

Әлемнің 60-тан астам елінде вице-президент лауазымы бар. Соның бірі Бразилия. Ондағы саяси жүйе Ақш-тың басқару жүйесіне ұқсайды. Ал Перу, Ауғанстан сияқты экономикасы шатқаяқтап тұрған елдерде бір уақытта бірнеше вице-президент тағайындалады. Ондағы мақсат саяси тепе-теңдікті сақтау және үкімет ішіндегі түрлі күштерді біріктіру. Ал Еуропа елдерінде мұндай ұғым жоқ. Тек президенттік, федеративтік және парламенттік жүйе бар.

Түркияда вице-президентті президент бекітеді 

Түркияда вице-президент лауазымы 2018 жылы бекітілді. Бұл өзгеріс 2017 жылы өткен референдумдағы конституциялық түзетулер нәтижесінде жүзеге асты. Референдумдан кейін Түркия парламенттік республикадан президенттік республикаға өтті. Алғашқы вице-президенті Фуат Октай. Оны түрік басшысы Режеп Тайип Ердоған тағайындады. Осыдан бастап вице-президент президенттің тікелей көмекшісі және атқарушы биліктегі негізгі тұлға ретінде құрылды. Түркия Конституциясына сәйкес Президент бір немесе бірнеше вице-президентті тағайындай алады. Егер президенттік қызмет босап қалса, президенттік сайлау 45 күн ішінде өткізіледі. Ал сол аралықта вице-президент президенттің өкілеттігін атқарады. Сондай-ақ президент шет елге іссапармен аттанса, оның міндетін уақытша вице-президент атқарады. Вице-президент парламент депутаты болуға құқығы бар адамдар арасынан тағайындалады. Бекітілген соң депутаттық мандаты тоқтатылады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz