Биыл әлем алдында тұрған сын-қатер көп.
Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған есепте тұтас жаһан еңсеру керек негізгі 5 қауіп бар. Олар: климат өзгерісі, әлеуметтік теңсіздік, жалған ақпараттың тарауы, саяси текетірес және қарулы қақтығыстар.
Мұның салдары дүниенің төрт бұрышындағы елдерге әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Әсіресе бейбітшілік әр мемлекет үшін маңызды. Түйткілді реттеуге Трамп кірісті. Халықаралық "Бейбітшілік кеңесін" құруға ниетті. Мақсаты тыныштығы бұзылған Газа секторындағы жағдайды реттеу. Бұл аймақтың жағдайы кейінгі 3 жылда жаһан назарын аударды. Енді АҚШ бастамашы болып отырған жаңа кеңес ахуалды түзей ала ма?!
Дональд Трамп ұсынған "Бейбітшілік кеңесі" жөніндегі құжатқа бүгін Давоста өтіп Дүниежүзілік экономикалық форум жиынында қол қойылады. Шартқа сәйкес төрағалық АҚШ-қа өтеді. Кеңеске мүшу болу үшін Трамп 60-тан астам елдің басшысына шақырту жіберді. Алғашқы болып құп алғандардың ішінде Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия бар. Ресей, Беларусь, Таиландқа ұсыныс ең соңынан жолданды. Ал Франция бірден қарсылық білдірді. Алайда Трамп Эммануэль Макронды райынан қайтару үшін шарап импортына 200 пайыздық баж салығын салмақ. Бұл ойына қарсы тарап әзірге үн қатқан жоқ. Алайда Трамп өзіне сенімді. Өйткені бұл кеңес Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатымен құрылмақ.
Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы баспасөз хатшысының орынбасары:
- Бейбітшілік кеңесі Газа секторының мәселесімен ғана айналысады. Газада оқ атпау туралы келісімнің сақталауын қамтамасыз етеміз. Өйткені аймақтағы қақтығысты тоқтату және жағдайды қалпына келтіру туралы жасалған кез келген бастама құптауға тұрарлық. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының өз жарғысы, ұстанымы және қалыптасқан белгілі заңдылықтары бар.
Бейбітішілік кеңесін Біріккен Ұлттар ұйымының жұмысына балама деп қатаң сынға алғандар көп. АҚШ-тың басты одақтасы Израильдің өзі кеңес жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Биньямин Нетаньяху бұл бастама Израильдің саясатына қарама-қайшы әрекет, деді.
Газа халқы "Бейбітшілік кеңесіне" үміт артады
Ал Газа халқы жағдай расымен реттелер деп сеніп отыр. Үміт ақтала ма, жоқ па алдағы уақыттың еншісінде.
Палестина, Газа секторы
Мохамед Абу Сааде, тұрғын:
- Трамп бастамашы болып отырған бейбітшілік кеңесі Газа секторындағы жағдайды реттеуге оңынан ықпал етеді деген ойдамыз. Шекарадағы шектеулер алынып, гуманитарлық көмек көлемі артады деп сенеміз. Өйткені қазіргі күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Кеңес Газадағы жағдайды уақытша халықаралық басқаруға алып, оны қалпына келтіру үдерісін бақылауды көздейді. Бірақ оның құрамына Палестина автономиясынан арнайы өкіл қатыстырылмайды. Бұл Трамптың Газадағы жағдайды реттеуге бағытталған алғашқы бастамасы емес. Былтыр күзде Мысырда Газаға қатысты бейбіт декларацияға қол қойылды. Ақ үй басшысы 20 тармақтан тұратын жоспар әзірлеген. Қол қойған елдер жаңа бейбіт кезең басталды деген еді. Иә, атыс тоқтады. Екі тараптан тұтқындар босатылды. Бірақ ұзаққа созылмады. Келісім шарттары бұзылды. Жағдай тіптен ушығып кетті. Гуманитарлық дағдарыс күшейді.
Газа қалпына келе ме?!
Газадағы инфрақұрылымның түгел қирауынан, экономикаға салмақ түсіп, елдің әлеуметтік әл-ауқаты едәуір әлсіреді. Денсаулық сақтау, білім саласы ақсап, ауылшаруашылық секторы тұралап тұр. Басқаны айтпағанда , тіршілік үшін ең қажетті деген ауыз су тапшы. ЮНИСЕФ дерегіне сүйенсек, 2023 жылғы 7 қазаннан бері аймақтағы 600 су құбырының 70%-ына зақым келген. Электр энергиясын тартатын желілер де түгел істен шыққан.
Бүгінде Газа өмір сүруге қолайсыз аймаққа айналған. Жергілікті жұртшылықтың бар үміті "Бейбітшілік кеңесінде".
Тегтер #БҰҰ #Трамп #бейбітшілік #24KZ #ГазаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz