RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде көмірге сұраныс артты

22.01.2026, 13:44 236

Әлемнің бірқатар елдері электр энергия саласында баламалы қуат көздеріне көшкені белгілі.

Десе де, көмір өндіру ісі  кешеуілдеп қалған жоқ. Керісінше артып келеді. Жалпы бұл салада қандай өзгерістер бар? Болашағы қалай болады? 

Әлемде көмір өндіру және пайдалану бойынша көш бастап тұрған ел - Қытай. Былтыр ондағы көмір өндіру көлемі 4,83 млрд тоннаға жетіп, рекорд орнатты. Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған саясатқа қарамастан, Қытайдың электр энергиясына деген жалпы сұранысы әлі де көмір есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Электр энергиясы тапшылығын болдырмау үшін билік 2027 жылға дейін жаңа жылу электр станцияларын салмақ. 2021 жылы елде қазба отындарын күрт шектеу жаппай электр жарығының өшуіне әкелген еді. Қазір Бейжің жаңартылатын энергия көздерін белсенді түрде дамытып жатқанымен, энергетикалық сенімділікті сақтау үшін көмірден бас тартқысы жоқ.

Ал Үндістан көмір өндіру көлемін бір мезгілде арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қатар жүргізіп отыр. Энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ел ішкі өндірісті белсенді түрде кеңейтіп, жаңа жылу электр станцияларын салып жатыр. Үндістанда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін ірі көмір өнеркәсібі қалыптасқан. Бұл қолдау жұмыс орындарын сақтау және энергия тасымалдаушылардың импортын қысқартуға бағытталған. Бұған дейін әлемдегі ең ірі көмір өндіруші ел бұрын жабылған 32 шахтада көмір өндіруді қайта бастайтынын мәлімдеген еді. Үкімет көмір ресурсы бойынша өзін өзі толық қамтамасыз етуді мақсат етіп, биылдан бастап оны экспорттауды жоспарлап отыр. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы бес жылда көмір өндірудің жалпы көлемі жылына 1,5 млрд тоннаға жетуі тиіс.

Күншығыс елі де көмірді стратегиялық ресурс ретінде тұтынып отыр. 2026 жылы Жапониядағы электр энергиясының жалпы өндірісінің шамамен 30 пайызы көмір есебінен қамтамасыз етіледі. Токио билігі көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларының энергетикалық желінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажет екенін алға тартады. Аталған станциялар күн және жел генерациясында іркілістер болған жағдайда энергожүйені сақтандырады, сондай-ақ қымбат импорттық газға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздеріне көшу үдерісіне қарамастан, жапон билігі көмірді ұлттық экономиканың тұрақтылығы үшін маңызды резервтік ресурс әрі сақтандыру тетігі ретінде алдағы уақытта да пайдаланылатын негізгі энергия көзі деп есептейді.

2025 жылы АҚШ-та көмірге деген сұраныс 8 пайызға артты. Бұған табиғи газ бағасының қымбаттауы себеп болған. Көмірге сұраныстың артуындағы негізгі қозғаушы күш - жасанды интеллект пен деректер орталықтарының қарқынды дамуы болып отыр. Олар орасан зор энергия көлемін талап етеді. Ал күн және жел электр станциялары бұл қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Өткен жылы Дональд Трамп АҚШ-та көмір өндіру көлемін ұлғайту туралы жарлыққа қол қойған еді. Ақ үйде энергетикалық тәуелсіздікті қатты отын есебінен нығайтуды ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесі деп санайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz