Дональд Трамп Федералды резерв жүйесінің төрағасы лауазымына жаңа үміткерді ұсынды.
Бұл орынға өзге біреу емес, өз жақтасы, экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Кевин Уоршты лайық деп отыр.
Бір қарағанға мұндай ауыс-түйісте тұрған шетеңе жоқ. Алайда сарапшылар Федералды резерв жүйесіне саясат араласа бастайды деп қауіптенеді. Өйткені бұл жағдай нарықта біраз дүрбелең туғызуы да әбден мүмкін. Қазірдің өзінде, яғни Трамптың жаңа үміткерді жариялағаны сол-ақ еді, өткен аптада ғана тарихи рекорд орнатып, шарықтап кеткен алтын мен күміс қайта арзандады. Ал доллар нығайды.
Бірнеше айдан бері ары ойланып, бері ойланып, Трамп ақыры бір тоқтамға келді. Федералды резерв жүйесінің жаңа төрағасы ретінде Кевин Уоршты ұсынды. Кевин Уорш үшін бұл қызмет пен болашақта атқаратын міндеттері таңсық емес. Ол 2006-2011 жылдар аралығында Федералды резерв жүйесі басқарма кеңесінің мүшесі болған. Уорш резерв жүйесін басқаруға сонау 2017 жылы ниетті еді. Алайда Трамп ол кезде Пауэлл Джеромды таңдады. Кейін өзінің қате шешім қабылдағанын мойындады. Журналистермен кездесу барысында Трамп жаңа үміткерді жер-көкке сыйғызбай мақтады. Ал Федералды резерв жүйесінің төңірегінде дау көп. Әрине жұртты ең көп алаңдататыны – пайыздық мөлшерлеменің деңгейі.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Пайыздық мөлшерлемені төмендету оның жоспарында бар. Мен Кевинді біраз уақыттан бері бақылап келемін. Ол өте білімді, кәсіби мықты маман. Оның қолынан Федералды резерв жүйесін басқару келеді деп ойлаймын. Одан артық үміткер елімізде жоқ.
Жаңа үміткердің білімі мен мол тәжірибесіне қатысты күмән жоқ. Сарапшылардың назарын аударған мәселе – төрағалыққа Трамптың жақтасының келуі. Мамандар осының салдарынан Федералды резерв жүйесі саясиланып кетпей ме деп қауіптенеді. Бұл жүйенің тәуелсіз болып қалуы, оған саяси қысымның жасалмауы маңызды. Пайыздық мөлшерлеме, инфляция мен қаржылық тұрақтылықты бақылау ісіне саясат араласпауға тиіс.
Элизабет Уоррен, АҚШ сенаторы:
- Дональд Трамп Федералды резерв жүйесіне бақылау орнатуға талпынып жатыр. Олай болса, ақша-несие саясаты, пайыздық мөлшерлемелер экономикалық емес, саяси себептермен белгіленеді. Бұл – америкалықтар үшін нағыз мәселе. Уақыт өте келе бұл қарапайым отбасылар үшін шығындардың өсуіне әкеледі. Жұмыссыздық белең алады. Трампқа өз айтқанымен жүретін адам қажет болды. Өзге үміткерді ол таңдамас еді.
Трамп бұған дейін Федералды резерв жүйесінің негізгі мөлшерлемесін 1% деңгейіне түсіруге шақырып бақты. Алайда қазіргі төраға Джером Пауэлл бұған көнген жоқ. Мұны көптеген экономистер де құптамады. Бұл мәселеде байыппен шешім қабылдаған жөн. Өйткені мөлшерлемені төмендету қысқа мерізмде экономикалық өсім бергенімен, ұзақмерзімді перспективада доллардың құнсыздануына, инфляцияға әкеледі. Қазір пайыздық мөлшерлеме 3,6% шамасында.
Джошуа Боак, Associated Press сарапшысы:
- Кевин Уорш Федералды резерв жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізуге ниетті. Біріншіден, оның өкілеттігін шектегісі келеді. Бұл өз кезегінде жан-жақтылық, әділеттілік түсініктерін де шектейді. Ол қараша айында жасанды интеллект экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, қосымша инфляцияны болдырмайтынын айтқан еді. Осының нәтижесінде Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік алды.
Доллар нығайып, алтын мен күміс арзандады
Дегенмен Уорш ақша – несие саясатына қатаң көзқарасымен танымал. Сондықтан мөлшерлеменің тез арада күрт төмендеуіне жол бермейтіні анық. Осының нәтижесінде бір апта бұрын ғана тарихи рекорд орнатып, шарықтап кеткен алтын мен күміс бағасы қайта арзандады. Үштік унциясы үшін 5600 доллардан асып жығылған алтынның ақпандық фьючерсі 8%-ға, ал 120 долларға дейін барған күмістің фьючерсі 10%-ға төмендеген. Себептің бірі ретінде Блумберг сарапшылары Федералды резерв жүйесінің төрағалығына дәл осы Кевин Уорштың үміткерлігі ұсынылғанын айтады. Бұл инвесторлардың қаупін біршама сейілтті. Нәтижесінде доллар бағасының өзге алты әлемдік валютаға қатынасын көрсететін DXY индексі 95,7 пунктінен 96,4 пунктіне дейін көтерілді.
Уорш үшін бір мезетте Трампқа да жағып, ел экономикасын да тиімді басқару оңайға соқпайды, әрине. Алайда ол қызметіне кіріспес бұрын, алдымен Сенаттың мақұлдауынан өтуге тиіс. Ал Джером Пауэллдің қызмет ету мерзімі мамыр айында аяқталады.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz