Ұлыбританияны жұмыссыздық жайлай бастады. Бұған жасанды интеллектінің жаппай қолданысқа енуі себеп. Америкалық Морган Стэнли банкінің зерттеуіне қарағанда, ақылды технология қызметкерлердің сегіз пайызын еңбек нарығынан ығыстырған.
Нейрожелінің қарыштап дамуы компания жұмысының тиімділігі артуына сеп болды. Алайда бұл британиялықтардың табысына қалай әсер етіп жатыр?
Техниканың тілін білген ұтады. Ұлыбританияда жасанды интеллект жұмыстың тиімділігін 11,5 пайыз арттырды. Алайда «бірақ» дейтін тұсы да бар. Еңбек нарығына кері әсер етіп отыр. Көп мамандық жойылып барады. Тек бір жылда нейрожелі қызметкерлердің сегіз пайызының орнын басқан. Оның көбі – еңбекке қабілетті жастар мен кеңсе қызметкерлері. «Мұндай жаппай қысқарту коронавирус пандемиясынан бері болған емес», - дейді сарапшылар.
Джастин Мой, компанияның басқарушы директоры:
- Ұлыбританияда ең төменгі жалақының мөлшері өсті. Бұл шағын кәсіп иелерінің шығынын арттырып отыр. Яғни жаңа жұмыс орындарынының ашылуы екіталай. Өйткені бизнесмендерге жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу тиімдірек.
Алайда америкалық Морган Стэнли банкінің зерттеуіне қарағанда, АҚШ, Жапония және Австралияда нейрожелі кей мамандықты жойғанымен, бірқатар салада жаңа кәсіпке жол ашқан. Яғни жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әсер еткен. Ал Тұманды Альбионда салық пен ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі британиялық компанияларға жығылғанға жұдырық болды.
Морис Аббуди, мейрамхана иесі:
- Былтыр біздің шығынымыз 150 мың фунт стерлингке ұлғайды. Өйткені ұлттық сақтандыруға төлейтін жарна мен ең төменгі жалақы мөлшері өсті. Коммерциялық мүліктерге салынатын салық та көбейді. Бұл қаржы тағы бір жаңа мейрамхана ашып, 10 адамды жұмысқа алуға жетер еді. Британиялық кәсіпкерлер пайда көреміз деп емес, жабылып қалмасақ деп қана тілейді қазір. Ал табыс болмаса, бюджетке салық қайдан түседі? Биліктегілер мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Ұлыбритания билігі болса, жасанды интеллектіден өндіріс өркендейді. Өнімділік жылына 0,8 пайыз артады, деп топшылайды. «Ал салықтың өсуі бюджеттің кірісін 12 млрд фунт стерлингке арттырды», - деп отыр. Алайда үкіметтің бұл саясаты Ұлыбританияның еңбек нарығына кері әсер етіп, жұмыссыздықты күшейтіп тұр.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Ұлыбритания #жұмыссыздық #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz