Газа секторының шекарасы өзгермеуге тиіс. Анклавтағы жағдайға Еуроодақты алаңдап отыр.
Ұйымның дипломатия басшысы Кая Калластың ресми өкілі Әнуар әл-Анунинің айтуына қарағанда, Газа секторының аумақтық тұтастығы сақталуы керек. Бұл президент Трамптың бейбіт жоспарында анық көрсетілген. Бірақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз ұстанымынан бас тарта ма, қайтеді?
Ем іздеп, жыраққа кеткен палестиналықтар кешелі бері Газа секторына орала бастады. Осыған дейін Мысырмен арадағы «Рафах» бақылау-өткізу бекеті 1 жыл бойы жабық тұрды. ХАМАС соңғы тұтқынның сүйегін қайтарған соң ғана Израиль бекетті ашты. Палестиналықтар мінген автобусты жұрт қуанышпен қарсы алды. Айлар бойы көрмеген ет-жақындарымен жылап қауышты. Айта кетейік, Рафах - Израильден басқа, анклавтан кіріп-шығуға болатын жалғыз өткел. Қазір Газа секторында 18 500 адам емге мұқтаж. Оның 4 мыңы - бала. Осы уаққа дейін шекара жабық болып, сыртқа шыға алмады. Қазір шекарада жедел жәрдем бригадалары Газа секторына кіруге дайын тұр. Әйтсе де, аймақтың өзінде тыныштықтың орнайтын түрі көрінбейді.
Израильдің кейінгі соққысынан 30 шақты палестиналықтың өмірі қиылды. Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігі бомбаланған. Тақауда Тель-Авив соғыстан 2 жылда анклавтың 70 мың тұрғыны қаза тапқанын растады.
Раджаа Шаха, жергілікті тұрғын:
- Біз үшін соғыс ешқашан тоқтаған емес. Бомбаның үнін күнде естиміз. Үйлерімізге әлі орала алмай отырмыз. Сонда бүкіл әлем айтып жүрген бейбітшілік қашан орнайды? Мұның бәрі бос сөз сияқты.
Израиль гуманитарлық ұйымға шүйлікті
Израиль халықаралық «шекарасыз дәрігерлер» ұйымының Газа секторындағы жұмысын тоқтатпақ. Бұған жергілікті қызметкерлерінің жеке мәліметтерін беруден бас тартуы түрткі болған. Алайда ұйымның бас хатшысы Кристофер Локьер: «мұның түпкі себебі мүлде басқа», - дейді. Оның айтуынша, Израильдің діттегені палестиналықтарды гуманитарлық көмектен айыру. Ал қызметкерлерінің деректерін беру олардың өмірін қауіпке тігуі мүмкін. Өйткені Газа секторында соғыс басталғалы гуманитарлық миссия кезінде 500-ден аса ерікті мен 1700 медицина қызметкері бақилық болған. Алайда Израильдің айтар өз уәжі бар. Тель-Авив «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымында ХАМАС-пен байланысы бар 2 қызметкер жұмыс істейді деп мәлімдеді.
Амджад әл-Шава, Палестиналық үкіметтік емес ұйымдар желісінің басшысы:
- Халықаралық ұйымдардың жұмысын тоқтату гуманитарлық жағдайды одан бетер ушықтырып, халықтың өміріне қауіп төндіреді. Өйткені палестиналықтардың 90 пайызы дәл осы гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Еуроодақ Израиль Газаны басып алуынан қауіптенеді
Еуроодақ Израиль Газа секторы жерін именденіп кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан анклавтың шекарасы өзгеріссіз қалуы тиіс деп мәлімдеді. Одақтың дипломатия басшысы Кая Калластың ресми өкілі Әнуар әл-Анунинің айтуына қарағанда, Газа секторы мен Батыс жағалау Палестинаның бір әкімшілігіне бағынуы керек. Өйткені қазір олар бөлек басқарылып отыр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху болса, өз ұстанымдарынан әзірге қайтпайтын сыңайлы. Тақауда ол Иордан өзенінен Жерорта теңізіне дейінгі аумақты бақылауға ниетті екенін мәлімдеді.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Израиль Түркия мен Қатар сарбаздарын Газаға кіргізеді деген ақпарат тарады. Жоқ, бұл өтірік. Сондай-ақ Газада Палестина мемлекетін құруға рұқсат береді деген әңгіме айтылып жүр. Бірақ біз бұған ешқашан жол бермейміз.
Газа секторы - Жер орта теңізінің жағалауында, Израильмен шекаралас орналасқан аумақ. Территориясы - 365 шаршы шақырым. ВВС-дің дерегі бойынша, ЦАХАЛ сол аумақтың жартысын уысында ұстап отыр. Ал Биньямин Нетаньху ХАМАС толық қарусыздандырылмай, Газаны қалпына келтіру жұмыстарын бастауға рұқсат беруге ниетті емес.
Президент Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспарға сай, 2035 жылға қарай Газа секторы экономикалық орталық айналады. Жер теңізі жағалауында 180 зәулім ғимарат бой көтеріп, теңіз порты мен әуежай салынады. Ал басты табыс көзі - туризм болуға тиіс. Алайда құжатта палестиналықтардың әрі қарайғы өмірі, олардың бар-жоғы, не істеп, не қоятыны жайлы бір ауыз сөз жоқ. Десе де бұл орайда Түркия да Газа секторын өз тұрғындары басқаруға тиіс деп жақтасып отыр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Палестина #Газа #ХАМАСPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz