RU
Толық нұсқаға өту

Әлем бойынша әуе отынының бағасы

04.02.2026, 16:51 341

Таяу Шығыста авиаотын бағасы төмен - биржада 652 долларды көрсетіп тұр.

Сол себепті Дубай, Доха, Стамбул жаһандық авиахабқа айналды. Әлемде ең қымбат әуе отыны дейтін Америка және Еуропамен біздің елдің бағасы шамалас. Айталық, Франция мен Ұлыбританияда авиациялық отын құны “қанатқа құю” тәсілімен, яғни логистика, инфрақұрылым, жергілікті салық төлемдерін ескергенде 1000-нан 1400 долларға дейін. Германияда әуе отынының қорытынды бағасы бір тонна үшін 1100-1300 доллар шамасында. Ал Швейцария мен Нидерландта баға 1300 доллардан басталады.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, әуе отынының бағасы ежелден Таяу Шығыста арзан. Оның себебі де түсінікті. Мұнайдың үстінде отырған Сауд Арабиясы, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Иранда қара алтын өндірісі жүйелі жолға қойылған. Сәйкесінше логистикаға артық шығын шығармайды.

ГРАФИКА:

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының кейінгі деректеріне сүйенсек, өткен аптада Таяу Шығыстағы отынның бағасы орта есеппен 652 долларға жуықтады. Ал ең қымбат мұнай Латын Америкасында. Мәселен, Венесуэла мұнай қоры бойынша көшбасшы болғанымен, оны өндіру жағынан артта қалған мемлекет. Ондағы ауыр мұнайды өндіру әлдеқайда қиын. 

Сингапур тәулігіне шамамен 20 мың баррель мұнай өндіреді. Қазақстанмен салыстырғанда едәуір аз. Біздегі көрсеткіш 1 млн 800 мың баррельден асады. Дей тұрғанмен, Сингапурда әуе отынының бағасы арзан. Бүгінде метрлік тоннасы 682 долларға саудаланып жатыр. Өйткені Сингапур аймақтағы ірі мұнай өңдеуші, оны тасымалдау мен сақтау бойынша маңызды орталыққа айналған. 

Латвия мұнай өндірмейді. Мемлекет қара алтын өнімдерін, соның ішінде авиациялық керосинді шет елдерден сатып алады. Импортқа тәуелді болғанымен Латвияда авиаотын құны Еуроодақтың орташа бағасына жақын. Яғни 675 доллар. Елдің географиялық орналасуы тиімді. Латвия Балтикадағы транзиттік логистикалық тізбектің бір бөлігі. 

Алысқа барудың қажеті жоқ. Көршілес Ресейдің өзінде әуе отыны Қазақстанмен салыстырғанда арзан. Биржалық құны метрлік тоннасы үшін 675-680 доллар айналасында. Ресей әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі және ішкі нарығын авиакеросинмен толық қамтып отыр. Сондай-ақ елде жанармай биржа арқылы сатылады, бұл бәсекелестікті арттырып, бағаның өсуін тежейді. Бұдан өзге мемлекет стратегиялық авиация саласы үшін бағаның күрт қымбаттауына жол бермейді.

Ал Еуропа елдері арасында ең қымбат авиациялық отын Швейцарияда. Бұған жоғары фискалдық және экологиялық жүктеме себеп. Швейцария қаңтардан бастап экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Еуроодақтың жаңа ережелеріне ұстануға көшті. Енді кем дегенде 2% тұрақты авиациялық отынды кәдімгі керосинмен араластыруға міндеттеледі. Ал бұл өз кезегінде жанармай құнын өсіреді. Өйткені жаңартылатын ресурстардан өндірілетін экологиялық таза авиациялық отын дәстүрліге қарағанда едәуір қымбат. 

Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz