Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр.
Түркияда дизель отынының бағасы өсіп еді, бұл демде өзге салаларға да әсер етті. Әсіресе қоғамдық көлік, логистика, өнеркәсіп, агросекторда шығын айтарлықтай артқан. Бұл жағдай түптеп келгенде бұқараның күнделікті тұрмысына тікелей әсер етіп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда дизель отыны қымбаттады. Кейінгі бір айда жанармай құю бекеттерінде баға бірден 35 теңгеге өсті. Қаңтар айының басында отынның бір литрі 55 лира, шамамен 630 теңге болса, ақпан айынан бастап баға 665 теңгеге дейін көтерілді. Бұл өсім ең алдымен, тасымал шығындарын арттырды. Ал бұл өз кезегінде логистика, қоғамдық көлік және коммерциялық қызмет салаларына қосымша салмақ салып отыр.
Түркияда жүк және қоғамдық көліктің басым бөлігі дизельмен жүреді. Отын бағасының қымбаттауы көлік жүргізушілерін тығырыққа тіреп отыр. Анкаралық Орхан Аданыр 30 жылға жуық нәпақасын шопырлықтан айырып отыр. Таң атысынан кеш батқанға дейін жолда жүріп, жолаушы тасымалдаудан табатын күнделікті табысы шамамен 40 мың теңге. Алайда бұл кірістің едәуір бөлігі көліктің жанармайы мен күтіміне жұмсалады. Дизель бағасының тоқтаусыз өсімі оның қалтасына кәдімгідей салмақ салып отыр.
Орхан Аданыр, көлік жүргізушісі:
- Соңғы бір жылда дизель отынына жұмсайтын бір күндік шығынымыз ең аз дегенде 600-700 лира, шамамен 7-8 мың теңгеге артты. Айына шаққанда шығын бұдан да көп. Бұрын көлігіме күніне 1 мың лираға, 11500 теңгеге дизель құйсам, қазір 17 мың теңгеге дейін толтыруға мәжбүрмін. Яғни шығын 50 пайызға өсті.
Бағаның өсімі тек көлік жүргізушілерін ғана емес, қарапайым халықты әбігерге салды. Жыл басталғалы аймақта жолаушы тасымалдау құны тағы 115 теңгеге тағы қымбаттады. Тұрғындар бұл өзгеріс азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
БЛИЦ
- Бұлай жалғаса берсе, еліміздің тығырықтан қалай шығатыны белгісіз. Барлық нәрсе айналып келгенде дизельге байланысты. Көлік қызметінен басқа, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында өнім қымбаттауы мүмкін.
- Қымбатшылық қарапайым халыққа қиынға соғып отыр. Қоғамдық көлік құны тым өсіп кетті. Сол себепті мен автобусқа мінбеймін, өз көлігіммен жүруге тырысамын.
- Әлемде тұрақтылық жоқ. Әсіресе мұнай бағасы күннен күнге қымбаттап барады. Меніңше, барлығы Американың қолында. Қалай болғанда да, бұған нүкте қойылу керек. Бұл жағдай шағын бизнеске де оңай соқпай тұр.
Иә, бұл пікірмен сарапшылар да келісіп отыр. Олардың айтуынша, отын бағасының қымбаттауына әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздық, импортқа тәуелділік және валюта бағамының өзгеруі себеп. Бұған қоса, тасымал мен сақтау шығындарының артуы, сондай-ақ салықтық жүктеме де ішкі нарықтағы бағаға әсер етпей қоймайды.
Фикри Каплан, экономист, сарапшы:
- Осы жылдың басында шикі мұнай бағасы 60 долларға дейін төмендесе, қаңтар соңында 70 долларға жетті. Бұл құбылыс АҚШ президенті Дональд Трамптың жүргізіп отырған сыртқы саясаты мен Гренландия, Венесуэла, Иран төңірегіндегі геосаяси ахуалға байланысты. Ал бұл тұтынушы елдерге салмақ салып, инфляцияны күшейтеді. Жанар-жағармайдың қымбаттауы тасымал, газ, отын және химия салаларына кері әсер етеді. Мұнайға тәуелділіктен алдағы жылдары толық арылу қиын. Дегенмен электр көлігін көбейту, атом электр станцияларын дамыту тәуелділікті азайтуы мүмкін. Ал әлемдегі геосаяси тұрақсыздық мұнай бағасын болжауды қиындатып отыр.
Дизель отыны бойынша сыртқы нарыққа тәуелді Түркия үшін бағаның өсімі ел экономикасына салмақ түсіріп отыр. Сондықтан сарапшылар билік өсімді тежеу тетіктерін қарастыруы керек дейді. Әйтпесе қымбатшылық халықты қос өкпеден қысып, тұрмысын одан әрі қиындатуы мүмкін.
Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Түркия #қымбатшылық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz