2050 жылға қарай әлемде әрбір үшінші адамның есту қабілеті төмендеуі мүмкін.
Мәселені шешу үшін есту қабілеті төмен жандарға арналған смарт көзілдірік жасалды. Құрылғының басты ерекшелігі - линзаға орнатылған субтитр функциясы. Сөйлескен адамның айтқан сөзі бірден мәтінге айналып, көзілдірік экранында көрінеді. Бұл технология адамдарға еркін коммуникация орнатуға мүмкіндік береді.
Ұлыбританияда есту қабілеті төмен адамдарға арналған смарт-көзілдірік таныстырылды. Жаңа технологияны Икс Рэй (XRAI Inc) компаниясы жасаған. Құрылғы айтылған сөзді бірден мәтінге айналдырып, көзілдірік экранында көрсетеді. Осылайша есту қабілеті нашар жандар әңгімеге еркін араласа алады.
Питер Коглан:
- Бұл технология мені шын мәнінде таңқалдырды. Әсіресе адам көп жиналған жерде сөйлеп тұрған адамның не айтқанын көзілдірік арқылы еш кедергісіз, анық түсінемін.
Құрылғы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Ол Microsoft пен Deepgram әзірлеген технологияларды қолданады. Соның арқасында айтылған сөздер мәтінге жылдам әрі дәл аударылады. Жаңа құрылғы 300-ден астам тілді таниды және автоматты түрде аударма жасай алады. Субтитрлерді тек көзілдірік арқылы ғана емес, телефон, планшет немесе компьютер экранынан да көруге мүмкіндік бар.
Джек Блумфилд, компания өкілі:
- XRAI Glass - жасанды зердеге негізделген смарт-көзілдірік. Ол сөйлеген сөзді бірден мәтінге айналдырады. Адамдар оны киіп алып, айналасында айтылып жатқан сөздерді көзбен көре алады. Бұл есту қабілеті төмен адамдар үшін үлкен көмек.
Ақылды көзілдіріктің бағасы 699 стерлинг фунты. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 480 мың теңге. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғы есту қабілеті төмен адамдардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Олар енді еркін сөйлесіп, мәдени шараларға қатысып, күнделікті тұрмыста кедергісіз қарым-қатынас жасай алады.
Тегтер #Ұлыбритания #көзілдірік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz