RU
Толық нұсқаға өту

Дубайда роботтар тұрғын үй салады

10.02.2026, 10:20 324

Дубай үйді роботтарға салдырмақ. Шаһарда келер жылы құрыш қолды құрылысшылар тұрғызған алғашқы виллалар пайдалануға беріле бастайды.

Мұндай тәжірибе жер жүзінде тұңғыш рет қолға алынғалы отыр. Әмірліктер мұндай құрылысқа арнайы байқау жариялап, үздік жобаны анықтауға кірісті. Сөйтіп Дубайдағы көк тіреген ғимараттардың құрылысында енді адамдар емес, тек роботтар жұмыс істейтін болады. 

Дубайда халықаралық «Expo» көрмесі өткен алаң араға жылдар салып, жаңа кейіпке енді. Қазір бұл аумақ баламалы қуат көзіне сүйенген заманауи қалашыққа айналған. Мұнда негізінен электрлі автомобиль жүріп, дәмханаларда робот даяшы қызмет көрсетеді. Ал құрылыс нысандарында жұмысшы қарасы сирек. Шаруаның бір бөлігі ақылды жүйеге негізделген.

Әңгіме құрыш қолды құрылысшыны алмастыратын роботтар жайында. Ел үкіметінің жоспарына сәйкес, келер жылы араб жерінде іргесін де, кірпішін де құлтемір қалайтын жеке вилла пайда болады. Мамандар тек сырттай қадағалап, автоматты механизмге бағыт береді. Қалған шаруа толықтай роботқа жүктеледі. 

Рашид Әл Моһтади, Абу Даби AІ Технологиялық компаниясының департамент басшысы:

- Біз әлемдегі озық технологиялық жобаларды бір жерге топтастырғымыз келеді. Түрлі мемлекеттен осы мақсатта ынтымақтастық орнаттық. Инновациялар құрылыс қана емес, экономиканың барлық саласын қамтиды. AI және роботтарды қазірдің өзінде белсенді қолданып жүрміз. Сіз тамашалап отырған көрме соның айқын көрінісі.

Жоба футуристік тұрғыда теңдессіз көрінгенімен, кем-кетігі болмайды дегенге сену қиын. Оның үстіне АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда роботты құрылыс жүйелері әлі сынақтан өтіп жатыр.

Осыны ескерген әмірлік технологиялық компанияларды ынталандыруға дайын. Таяуда өткен дүниежүзі ғалымдарының басқосуында билік бұл бағыттағы инновациялық шешімдерді өз есебінен қолдайтынын жеткізді.  

Омран Шараф, БАӘ Сыртқы істер министрінің Ғылым және технология жөніндегі кеңесшісі:

- Біз ғылым мен технологияны қолдамасақ, бүгінгідей биікке жетпес едік. Қазір араб әмірліктерінің тәжірибесі әлем назарында. Біздің аймақ шөл дала. Климат қатал. Одан бөлек, Таяу Шығыста саяси және экономикалық ахуал пышақтың жүзіндей өткір. Осының бәрін ескеріп, технология тұрғысынан әлемдік державалардан қалыс қалмау керек деп шештік. Осы артықшылық арқылы Араб әмірліктері жаһан жұртының назарын өзіне аударта бермек.

Мамандар робот арқылы құрылыс мерзімін қысқартып, адам өміріне төнетін қауіпті азайтпақ. Өндіріс шығынын төмендету де - негізгі міндет. Әдетте Дубай ірі жобаларға сырттан көп жұмыс күшін тартады. Әмірлікті олардың жатын орны, тамағы, жалақысы сынды мәселелер ара-тұра қинайды. Автоматты жүйеге негізделген алғашқы тұрғын үй құрылысы сәтті аяқталса, тәжірибе саладағы барлық компанияға міндеттеле бастайды.

Авторы: Рауан Мыңбай  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz