2030 жылға қарай әуе ұшақтары мен көктегі зымыран, жерсерік қалдықтарының соқтығысу қаупі бар. Бұл туралы Еуропалық ғарыш агенттігі мәлімдеді.
Кейінгі жылдары әлемде ұшақ апаты жиілеп кетті. Бұған ғарыштағы қоқыстардың әсері болуы мүмкін. Яғни орбитада жиналған қалдықтар экологияға ғана емес, авиация саласына да қауіп төндіріп тұр.
Істен шыққан 3 мыңдай жерсерік пен 2 мыңға жуық зымыран бөліктері бұл күндері көкті кезіп жүр. Негізі ғарыш нысандарының басым бөлігі атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетеді. Алайда ірі бөлшектердің де Жерге жеткен кездері жиілеген. Еуропалық ғарыш агенттігінің дерегіне сүйенсек, алдағы үш жылда ұшақтардың мыңнан бірі орбиталық қоқыспен соқтығысуы ықтимал. Әуе кеңістігінің жүктемесі артқан сайын бұл көрсеткіш те өсе береді. Халық тығыз қоныстанған аймақтардағы ірі әуежайлардың жанында, қоқыстардың құлауынан болатын қауіп жылына бір пайызға жуықтайды. Алайда Еуропаның солтүстігі, АҚШ-тың солтүстік-шығысы немесе Азия-Тынық мұхиты мегаполистері сияқты тығыз аймақтардың ауқымында ықтимал көрсеткіш 26% -ға дейін артады.
Жағдайды бақылауға алу үшін Еуропалық ғарыш агенттігінің ғалымдары DRACO жобасын әзірлеуде. Оны ұшыру келер жылға жоспарланған. 200 датчикпен жабдықталған бұл бірегей аппарат спутниктің атмосферада ыдырау үдерісін ішінен талдайды. Алынған деректер сынықтардың құлау орындарын дәлірек анықтауға көмектеседі. Халықаралық деңгейде үйлестірумен Ғарыштық қоқыс жөніндегі ведомствоаралық комитет айналысады. Оның құрамына әлемнің 13 жетекші агенттігі кіреді, олар жыл сайын болжамдық модельдерді жаңартып отырады.
Алайда сарапшыларр, тек болжам жасау жеткіліксіз дейді. Ғарыштың игілігін көріп отырған елдер технологияларға инвестиция салуы тиіс. Орбитада жиналған қалдықтар адамдардың қауіпсіздігіне ғана емес, ғарыш станциялары сынды стратегиялық нысандардың жұмысына да тікелей қатер төндіреді.
Авторы: Фариза Жанғанаева
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ғарыш #зымыран #2030Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz