Түркияға сапарласаңыз қалтаңызда ақша көбірек болсын. Биыл мұндағы қонақүйлер бағаны 15 пайызға қымбататты. Сарапшылар мұны салықтың артуы және туристік нысандарға қауіпсіздік талаптарының қатаңдатылуымен байланыстырады.
Екі жыл бұрын елдің солтүстік-батысындағы тау-шаңғы курортында болған ірі апаттан кейін билік бақылауды күшейткен. Бұл қонақүй бизнесіне қосымша шығын әкелді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияның туризм саласы экономикалық қысымға тап болды. Сала өкілдерінің айтуынша, салық жүктемесінің артуы мен шығынның көбеюі қонақүй бизнесіне кері әсер етіп отыр. Бұл жағдай бірқатар нысанның қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіріп, олардың жұмысын қысқартуға немесе уақытша тоқтатуға итермелеуі мүмкін, - дейді мамандар.
Сол себепті туристік нысандар бағаны біртіндеп көтеріп жатыр. Қызмет құнын шамамен 15 %-ға өсірген. Бұған әсер еткен тағы бір фактор қонақүйлерге қойылатын талаптың қатаңдатылуы. Өйткені кәсіп иелері жаңа регламентке сай туристік ғимараттарды жаңғыртып, қауіпсіздік жүйелерін орнатуға міндетті. Бұл қосымша шығынды қажет етеді.
Жансая Саяр, Анкара қаласындағы қонақ үйдің басқарушы директоры:
- Қонақ үйлерді жаңа ережеге сәйкестендіру үшін күрделі жөндеу жұмыстары керек. Оған қоса электр, су, жанармай бағасының көтерілуінен шығын көбейді. Әсіресе, бұл шағын қонақ үйлер үшін ауыр тиіп жатыр. Мұндай шығынды көтере алмаған компаниялар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.
Туризм өкілдерінің айтуынша, экономикалық факторлардан бөлек, салаға Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық пен әлемдегі климаттық өзгерістер кері әсер етіп отыр. Соның салдарынан кейінгі екі жылда аймақтың туризмнен түсетін табысы кеміген.
Мехмет Ишлер, туризм бірлестігінің төрағасы:
- Қазір Түркияда инфляция да, пайыздық мөлшерлеме де жоғары деңгейде. Сондықтан кәсіпкерлер қосымша салық пен алымды көтере алмайтын шекке жетті. Бұл осылай жалғаса берсе алдағы жылдары саланың дағдарысқа ұшырау қаупі бар. Сондықтан үкімет секторға салықты қайта қарап, өрт қауіпсіздігіне қатысты талапты орындауға жеткілікті уақыт беруі тиіс.
Қонақ үйлерге қазір бастысы өрт қауіпсіздігінің талаптары болып тұр. Егер қонақ үйлердегі ескі жүйелер жаңартылып, толықтырылмаса кәсіпкер лицензиясынан айырылуы мүмкін, - дейді Анкара туризм кәсіпкерлері қауымдастығының бас үйлестірушісі Гарип Уйсал. Қауіптің алдын алу үшін ұйым қонақүйлерге жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін ұсынып отыр.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz