RU
Толық нұсқаға өту

Корей халқы Жаңа жыл мерекесін тойлап жатыр

17.02.2026, 13:00 198

Оңтүстіккореялықтар ай күнтізбесі бойынша бүгін Жаңа жылды қарсы алып жатыр. Бұл елдегі ең басты ұлттық мереке. 

Оған қатысты алғашқы деректер VII ғасырдан бастап кездеседі. Әдетте адамдар Жаңа жылды туғандарымен әке-шешесінің үйінде бас қосып, тойлайтын. Алайда жыл өткен сайын көпғасырлық дәстүрді ұстанатындар азайып барады. 

Владислав Цой, тілші:

- Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесінде Кореяда туыстарға барып, ата-бабалардың қабірлерін зиярат ету дәстүрге айналған. Сондықтан мереке күндері көптеген адамдар ауыл-аймақтарға жол тартады. Алайда дәстүрді ұстанбай, демалыс күндерін шетелде өткізетіндер де аз емес. Алты мерекелік күн ішінде Инчхон халықаралық әуежайы арқылы басқа елдерге демалуға шамамен 720 мың адам аттанады.

Жиырма жыл бұрын Оңтүстік Кореяда адамдар бұл мерекеде туғандарымен бірге қарашаңыраққа жиналатын. Балалар ата-анасына, ата-әжесіне иіліп сәлем беретін. Үлкендер кішілерге ақша сыйлайтын. Ал бүгінде мұндай отбасыларды сирек кездестіресің. Жақында жүргізілген сауалнамада 20–30 жас аралығындағы респонденттердің жартысынан көбі «жеке демалыс отбасымен өткізілетін уақыттан маңыздырақ» деп жауап берген. Ал 50 жастан асқан қатысушылардың басым бөлігі «ең бастысы – дәстүрді сақтау» деп көрсеткен.

Чой Ын Джи, блогер:

- Менің туысым көп. Бұрын Жаңа жылда біз ұлттық киім киіп, ойындар ойнайтынбыз. Қазір, өкінішке қарай, бұл дәстүр жоғалып барады. Көп адамдар туыстарын телефон арқылы құттықтаумен шектеледі. Жастардың осы отбасылық мерекенің мәнін түсіне бермейтіні қынжылтады.

Осыған байланысты биыл  Корея – Орталық Азия достық қауымдастығы жастарға Жаңа жылды қарсы алу дәстүрін таныстырды. Корей ұлттық киімін киген өзге елдің студенттері күріш ұнынан жасалған кеспе көжеден дәм татты. Пішіні тиынға ұқсайтын кеспе байлықты білдіреді әрі ол дәстүрлі жаңа жылдық ас саналады. Оны ішу - бір жасқа толумен тең. Әдетте астан кейін «ют нори» ойынын ойнайды. Корейлер ондағы таяқшаларға қарап келер жылды болжауға болады деп сенеді.

Аружан Сарбасова, KAIST магистранты:

- Ата-әжесіне барып өздері осы иелетіні бар ғой, сондай сияқты өздерінің салт-дәстүрлері өте көп екен. И сол салт-дәстүрлері туралы білген өте қызықты, себебі отбасымен бірге тамақ істеп, бірге тамақ ішіп, жиналатын бір керемет бір уақыт екен.

Афина Хайруллина, Ихва әйелдер университеті студенті:

- Жалпы осындай кездерде басқа халықтың, басқа мемлекеттердің салт-дәстүрлерін білу деген өте жақсы бір мүмкіндік деп ойлаймын. Және де мен өте жақсы әсер алдым, өйткені мен басқа да мемлекеттің адамдарымен кездесіп, және де кәрісше де өзімнің кәрісшемді практикавать етіп.

Жаңа жылды қарсы алудың отбасылық дәстүрлері алдағы уақытта да өзгере беретін сыңайлы. Ұлттық статистика басқармасының мәліметінше, 2025 жылы бір адамнан тұратын жанұя саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 216 мыңға көбейіп, 8 миллионнан асты. Бұл – елдегі барлық отбасының үштен бірі.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz