RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде алтын қымбаттап жатыр

17.02.2026, 19:40 244

Әлемдегі инвесторлардың назары да алтынға ауды. Металл бағасы рекордты деңгейде өсіп жатыр. Қазір бір унциясы 5 мың долларға жуықтап қалды. Бұл жолғы өсімге не әсер етті?

Нарықтан болашақта не күтуге болады? Сарапшылар «Әлемдік инвесторлар геосаяси тұрақсыздық пен инфляциялық қысым күшейген кезде алтынды сенімді капитал ретінде қарастыруға көшті» деп пайымдайды. Орталық банктер де жаппай сатып алып, өз қорын нығайтып жатыр. 2026 жылдың басында алтын бағамы біраз төмендеген, бірақ кейін күрт көтеріліп, сол қарқынды әлі сақтап отыр. Алтын жөніндегі дүниежүзілік кеңестің мәліметіне сәйкес, қаңтарда биржалық қорларға 19 млрд доллар түсіп, алтын бағасы 14 пайызға көтерілді. Осының нәтижесінде аталған қорлардың барлық активі рекордты 669 миллиард долларға жеткен. Бұл желтоқсандағы көрсеткіштен 20 пайызға артық.

АҚШ-тың Федералдық қор жүйесінің төрағалағына жаңа үміткердің ұсынылуы және Еңбек статистикасы бюросының жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға төмендеді деген мәлімет таратуы алтын бағасын 1 пайызға құлдыратты. Кесек алтын мен монеталарды сатып алу көрсеткіші 25%-ға қысқарған. Зергерлік бұйымдарға да сұраныс 11%-ға азайды. Сарапшылар бұл қатардағы тұтынушылардың сақтығын білдіреді дейді. Сондай-ақ электроника мен медициналық құралдарда қолдану да 4%-ға кеміді. Бірақ мамандар бұл өзгеріс жалпы нарыққа қатты әсер ете қоймады деп есептейді. Металлға сұраныс әлі де жоғары.

BCA Research сарапшыларының айтуынша, Қытайдағы алтын активтерге инвестициялық сұраныс ғаламдық нарықтағы бағаның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Жергілікті тұрғындар кесек алтынды, монеталар мен инвестициялық өнімдерді әлі жаппай сатып алып жатыр. Әдетте Қытайда Ұлттық жаңа жылдың жақындауы, үйлену тойларының көбеюі және Үндістандағы алда аталып өтетін Дивали мерекесі де Азиядағы сатылымға оң әсер етеді. «Кіші құрлық» инвесторлары қорғаныс актив ретінде алтынға көп сенім артады.

JP Morgan Global Research болжамы бойынша, алтынның орташа бағасы 2026 жылдың соңына қарай унциясына 5 мың доллар деңгейінде сақталады, ал 2027 жылдың соңында 5400 доллардан асады. Өйткені орталық банктер металды үлкен көлемде сатып алып жатыр. Олардың алтын қоры қазірдің өзінде 10 пайызға жеткен. Сарапшылар бұл үдеріс биыл да тұрақты жалғасады, орталық банктер тағы 755 тонна алтын сатып алады деп жорамалдайды.

Авторы: Ернат Рахметолла

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz