Әйтсе де адам технологияны жетілдіре түсуге асық.
Роботтар қазір би де билейді. Ән де салады.
Адамзатты таңқалдырудан жалықпайтын қытайлар гуманоид-роботтарды бір түйме арқылы басқаруға көшті. Аспанасты елінің Жаңа жылы қарсаңында шоуға қатысқан роботтардың қимыл-қозғалысы технология саласы үшін тағы бір жаңалық болды.
Өнерлі роботтардың қимылы адамнан қалыс қалмайды. Көрерменді еріксіз баурайтын бұл көріністің артында сансыз есептеулер мен күрделі алгоритмге құрылған жүйе жатыр. 600 шаршы метрлік сахна толықтай 3D үлгісінде сканерленген. Лазерлік радар құлтемірлердің әр қадамын есептеп, нақты орнын дәл анықтап отырады. Бір батырмамен басқарылатын кластерлік жүйе қосылған сәтте ондаған темір дене адам секілді қимылдайды.
Ван Цисинь, Unitree Robotics компаниясының маркетинг жөніндегі директоры:
- Жоғары дәлдікті сақтай отырып, роботтың жылдам қозғалуын қаматамасыз ету жұмысымыздың ең қиын бөлігі. Биыл біз үшін жаңалық болған дүние - ол навигациялық интерфейс. Лазерлік радардың көмегімен сахнадағы кеңістікті сканерлейміз. Сосын робот сол арқылы өзінің орнын анықтайды. Бұл жалпы кесте мен қозғалыс жоспарларын жасау кезінде нұсқаулық ретінде жұмыс істейді.
Бір секундқа жетер-жетпес уақытта робот үш әрекетті үзбей орындауы тиіс.
Қаруды қағып алу, білекті түзету сосын оны ұстап бекіту. Адам үшін бұл қалыпты жайт болуы мүмкін, ал құлтемір оны дәл әрі нақты есептің күшімен ғана орындайды. Мамандар көпшілікке мінсіз қойылымды әзірлеу үшін 1 айдай уақыт жұмсаған.
Ван Цисинь, Unitree Robotics компаниясының маркетинг жөніндегі директоры:
- Көрерменге ерекше әсер қалдыру үшін музыканы қозғалыстармен біріктіру керек. Әрбір жүріс-қимылды құрастыру секундпен есептеледі. Бұл жолы біз адам тәрізді роботты сахнаға жүгіріп, экшн көріністерді орындауға, содан кейін келесі орынға жылдам өтуге үйреттік. Олардың жылдамдығы айтарлықтай жақсарды. Өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5-10 есе жоғары.
Мамандар осы жолғы қойылым кезінде бұрын-соңды қолданылмаған жүйелерді пайдаланды. Құлтемірлердің жаңылып, құламай міндеттерін мінсіз орындап шығуы адам мен технология арасындағы теңдессіз байланысты білдіреді.
Фариза Жанғанаева
Тегтер #Қытай #гуманоид робот #басқару #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz