Көлік қозғалысы көп елдердің бірі Бельгия бірнеше жылдан бері улы шығарындыларды азайтуға бағытталған кешенді шараларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Мәселен, көлік нөмірінің жұп және тақ болуына қарай қозғалысты шектеу тәжірибесі ауа қатты ластанған күндері шұғыл шара ретінде қолданылып жүр.
Брюссельде көлік қозғалысына қатысты «жұп-тақ» қағидасы тұрақты түрде қолданылатын шаралардың қатарына жатпайды. Бірақ ол ауа қатты ластанған кезде қолданылуы мүмкін әрекеттердің бірі ретінде қала жоспарына енгізілген.
Алғашында билік шектеулерді бірден қатаңдатпайды. Алдымен қозғалыс жылдамдығын төмендетіп көреді. Ал ластану деңгейі белгіленген нормадан асса, баламалы жүйе іске қосылады: бірінші күні қалада жұп нөмірлі, келесі күні тақ нөмірлі көліктерге ғана жүруге рұқсат етіледі. Құжатта төтенше жағдайда бұдан да қатаң шаралар қолданылуы мүмкін деп жазылған.
Брюссель Қоршаған ортаны қорғау агенттігі:
- Бірінші кезеңде Брюссельде жылдамдық сағатына 50 шақырымға дейін, ал айналма жолда 90 шақырымға дейін шектеледі. Жағдай күрделенсе, жол қозғалысы жұп және тақ нөмір қағидасы бойынша ұйымдастырылады. Жедел жәрдем сияқты бірқатар маңызды санаттағы қызметтер бұл ережеге бағынбайды. Жағдай тіпті ушықса, көлік қозғалысы толықтай тоқтатылуы мүмкін.
Кейінгі жылдары Брюссельде ұзақ мерзімді жоспарларға басымдық беріліп келеді. Атап айтқанда, экологиялық стандарттарға жауап бермейтін көліктерді шектейтін аймақтар енгізілген. Билік сондай-ақ халықты қоршаған ортаны ластамайтын темір тұлпарларға ауысуға ынталандырып жүр.
Ан Брис, Еуропалық автоөндіруші өкілі:
- Еуропа нарығында дизельді көліктер саны азаюда. Еуропалық заңнама электр көліктеріне көшуді ерекше қолдайды. Негізгі себеп – экология. Билік улы шығарындыларды азайтып, ауа сапасын жақсартуға ұмтылып жатыр. Нормативтік база таза технологиялардың дамуын ынталандырады.
Маңыздысы, шектеу шаралары жүргізушілерді жазалау үшін емес, ауа ластанған күндері көлік ағыны мен зиянды шығарындыларды жедел азайту мақсатында ойластырылған. Мысалы, «жұп-тақ» жүйесімен қатар қала билігі қоғамдық көлікті тегін етіп, тұрғындарға жеке автокөліктен метро, трамвай және автобусқа отыруға жағдай жасайды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #көлік қозғалысы #шектеу #брюсельPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz