АҚШ Бейбітшілік кеңесіне шамамен 60 мемлекеттің басшысын шақырды.
Оның ішінде Ресей, Беларусь және Қытай бар. Ал Дональд Трамптың ұсынысын қабыл алған мемлекеттер саны 35-ке жуық. Тізімде біздің елімізден бөлек Аргентина, Әзербайжан, Армения, Мажарстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және тағы басқа елдер бар. Халықаралық басылымдар Вашингтонда өтетін алғашқы отырыс туралы не жазып жатыр? Бүгінгі басқосу несімен ерекше?
Немістің Deutsche Welle басылымы Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиыны туралы ауқымды мақала жариялады. Онда Трамптың бастамасымен құрылған жаңа ұйым БҰҰ институттарымен бәсекеге түсуі мүмкін екені жазылған. Өйткені кімнің мүше болатыны тікелей төрағаның шешіміне байланысты, ал оның өкілеттігінің шегі жоқ дейді. Басылым сондай-ақ, кейінгі айда бақылаушы ретінде қосылу туралы шешім қабылдаған елдерге тоқталады. Олардың қатарында Италия, Грекия, Кипр, Румыния және Еуропалық одақ барын айтады. Қазір Кеңеске қарт құрлықтан Болгария, Венгрия, Албания және Косово кірген.
Танымал The Guardian газеті де Вашингтондағы саммитке ерекше назар аударды. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты Газаны қалпына келтіруге қаржы жинау деп жазады басылым. Бұған дейін Дональд Трамп 5 миллиард доллардан астам қаражат уәде етілгенін хабарлаған еді. Алайда Ұлыбритания, Германия, Франция кеңеске қосылудан бас тартты. Ватикан да оған кірмейтінін мәлімдеді. Автор бұған сарапшылардың ұйымды қаржыландыру мен саяси мандатының әлі айқын болмауы себеп деген болжамын алға тартады. Газадағы қақтығысты тоқтату мен гуманитарлық дағдарысты шешуде нақты ілгерілеу әзірге байқалмай отырғанына назар аударады.
Әйгілі американдық CNN басылымында да Кеңеске қатысты көлемді мақала шықты. Бұқаралық ақпарат құралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің мәлімдемесін келтірген. Онда бүгін өтетін Кеңес отырысына 20-дан астам ел өкілдері қатысатыны жазылған. Басылым отырыстың Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келгенін тоқталып, Таяу Шығыс елдерінің барлығы дерлік жоғары лауазымды өкілдерін жібергенін атап өтеді.
Израильдің жетекші The Times of Israel басылымы "Трамптың Бейбітшілік кеңесі" деген атпен ірі мақала жариялады. Автор ұйымның демеушілері жайлы баяндайды. Олардың қатарында Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және АҚШ сияқты біраз елдер Кеңеске 1 миллиард доллардан астам қаржы бөлуге ниетті екенін айтады. Десе де ХАМАС Газадан кетпейінше, қалпына келтірілген нысандар қайта қирауы мүмкін деген қауіп басым. Сондықтан кей мемлекттер қаржы бойынша нақты шешім қабылдай алмай отыр дейді. Автордың жазуынша Бүгінгі басқосуда Газадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Халықаралық тұрақтандыру күштеріне қатысуға ниет білдірген мемлекттер тізімі де жариялануы мүмкін. Мәліметке қарағанда Бейбітшілік Кеңесінің алғашқы отырысында тараптар Газа секторына қатысты бірқатар маңызды қарарға қол қоймақ.
Тегтер #әлемде #БАҚ #Бейбітшілік кеңесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz