АҚШ араға 10 жыл салып, Сириядан әскерін толық әкетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады.
Трамп әкімшілігі «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына қарсы күрестің аяқталуына байланысты бұдан былай өңірде америкалық әскер ұстаудың қажеті жоқ деген пайымға келген. Сирия үкіметі өз шекарасында лаңкестікпен күресті өз қолына алуға келісті.
АҚШ-тың Сириядағы әскери миссиясы аяқталады.
Ақпан айында Ақ үйдің пәрменімен Сирияның оңтүстігінде, Иордания мен Ирак шекарасында орналасқан маңызды стратегиялық база Эт-Танф гарнизоны мен солтүстік-шығыстағы әл-Шаддади әскери базасынан өз күштерін шығарған еді. Пентагон енді қалған 1 мыңға жуық сарбазды алдағы екі ай ішінде еліне қайтарады. Америка әскері Сирияға «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына қарсы күресу үшін осыдан 10 жылдай бұрын кірген. «Құрама Штаттар әскерді шығару нақты келісімшарттарға негізделген шешім», - дейді. Дегенмен аймаққа қандай да бір қауіп төнсе, дереу әрекет етуге дайын болмақ.
Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік кеңесшісі:
- Сирияның сыртқы істер министрі және Сирия демократиялық күштерінің қолбасшысы Мазлум Абдимен Мюнхен қауіпсіздік конференциясының алаңында кездестік. Мұны тарихи кездесу деп атауға болады. Біз Сирия үкіметінің АҚШ-пен жан-жақты ынтымақтастыққа деген бейілдігін құптаймыз.
Вашингтон мен Дамаск байланысы нығаяды
Жалпы Сирияда 2017-2019 жылдары АҚШ-тың 12 әскери базасы болған.
Кейінгі екі жылда бұл сан бір базаға азаяды. Жалпы 2014 жылдан бастап АҚШ Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы халықаралық коалицияға жетекшілік етіп келді. Күрдтер басқаратын Сирия демократиялық күштері Вашингтонның басты одақтасы еді. Әр жылдары 80-ге жуық мемлекет мүшелік еткен коалицияға былтыр қараша айында Сирия үкіметі ресми қосылды. Ал биыл Сирия демократиялық күштері үкімет әскерімен бірікті. Мұны құптаған Ақ үй әкімшілігі Дамаскпен дипломатиялық қарым-қатынасты және президент Ахмед аш-Шараамен байланысты нығайтып жатыр.
Асаад Хасан Аш-Шибани, Сирияның сыртқы істер министрі:
- Сирия үкіметі мен Сирия демократиялық күштерінің еш кедергісіз бірігуін қамтамасыз ету – басты басымдығымыз. Біз Асад режимінен Сирияның бөлінген күйде қалғанын қаламаймыз. Мемлекетімізді қалпына келтіру үшін сириялықтардың бірлесіп жұмыс істегенін қолдаймыз. Сирияның демократиялық күштері бізге жау емес, серіктес. Сондықтан оларға Сирия үкіметінің бір бөлігі болуға көмектесуге тырысамыз.
12 жыл ішінде АҚШ «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы 50 мыңға жуық операция жүргізіп, он мыңдаған содырдың көзін жойды. Сондай-ақ коалиция жұмысының нәтижесінде Сириядағы Ракка мен Ирактағы Мосул ірі қалалары босатылды.
АҚШ Ирактағы әскери миссиясын аяқтады
Кейінгі жылдары АҚШ саясаты шетелдегі ұрыстарға бөлетін шығындарды азайтуға бағытталған. Сондықтан биыл АҚШ Сирия ғана емес, сондай-ақ Ирактағы әскери миссиясын аяқтады. Лаңкестік ұйымнан бұл ел де біраз зардап шекті.
Ирак Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар айында АҚШ әскери кеңесшілерінің соңғы тобы Анбар провинциясындағы Айн әл-Асад әуе базасынан шығарылды. Вашингтон басқаратын «Ислам мемлекетіне» қарсы коалиция әскери нысандарды, соның ішінде Біріккен жедел қолбасшылық штабын Ирактың қауіпсіздік күштеріне тапсырды. АҚШ Иракқа әскери күштерін алғаш рет 2003 жылы орналастырған еді. Сарбаздардың саны 170 мың адамға дейін жеткен. Дегенмен Құрама Штаттардың әскери қатысуы Ирак Күрдістанында орналасқан Эрбиль провинциясындағы «Аль-Харир» әуе базасында жалғасады.
Фуад Хусейн, Ирактың сыртқы істер министрі:
- АҚШ «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымын жеңуде маңызды рөл атқарды. Бізге үлкен қолғабыс етті. Сондықтан мемлекттеріміз жақсы қарым-қатынаста деп санаймын. Арада кейбір кедергілер болғанның өзінде, мәселелерді тез арада шешуге тырысамыз.
Лаңкестік қауіп сейілмей тұр
Әйтсе де сарапшылар АҚШ әскерін шығарса, лаңкестер қайта бой көтеруі мүмкін екенін айтады. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігеріне қарамастан, «Ислам мемлекеті» ұйымының жұмысы әлі де жалғасып, жаңа жағдайларға бейімделуде. Сирия, Ауғанстан, Африка террористік қауіптің негізгі ошағы ретінде қалып отыр.
Тегтер #АҚШ #Сирия #әскерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz