RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда жолаушылар тасымалы қиындады

21.02.2026, 09:17 218

Әуежайлар мен вокзалдар лық толып, билет бағасы шарықтап кетті.

Кейбір бағытқа мүлде жоқ. Салдарынан жұрт діттеген жеріне жете алмай вокзалдарда түнеуге мәжбүр. 

Қытайда Жаңа жыл мерекесімен байланысты абыр-сабыр басталғалы екі аптадан асты. Билеттер алдын ала сатылып пойыз бен ұшақтарда орын болмай жатыр. Мәселен, бүгін 15 миллионнан астам жолаушы сапарға шыққан. Бұл бір күнде тек пойызбен ғана тасымалданған адам саны. Әуежайлар мен автомагистральдерде одан да көп. Қалалы жерде жұмыс істейтін миллиондаған қытайлық осы күндері туған-туыстарын құттықтап, көктемді қарсы алу үшін ауылдарына аттанады. Шетелде жүргендері отандарына оралады. 

БЛИЦ

- Еуропадан келдім. Енді туып өскен ауылыма кетіп барам. Әлеуметтік желі арқылы жағдайды бақылап хабарландыруға мән берген дұрыс. Біз түнгі қосымша рейспен жеттік.

- Мен Харбинге барам. Билетті  екі ай бұрын онлайн сатып алып қойғам. Әйтпесе жолға шығу мүмкін емес. Вокзалдарда тәуліктеп кезек күтіп қалуың мүмкін.

- Жолаушылар өте көп. Жүріп тұру қолайсыз. Біз оларды жақсы түсінеміз. Бәрі үйлеріне асығып барады.

Елдің көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес, мейрамның алғашқы күндерінде сапарға шыққан адам саны 300 миллионға жуықтады. Оның 80 пайызы автобус және көлікпен болса, қалғандары пойыз және ұшақты таңдаған. Жалпы мереке соңына дейін 9,5 миллиард сапар болады деп жоспарланған.

Гэ Цюаньгуй, Қытай ұлттық теміржол желісінің қызметкері:

- Қосымша 300 пойыз іске қосылды. Адам көп. Қосымша қызметкерлер тартылған. Бірнеше ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Мерекеден кейін реттеледі. 

Шекараны бірнеше күнге жауып тастап тойлайды. Мәселен, биыл біздің елмен арадағы өткелдер үш күнге жабылды. Одан бөлек Қырғызстан және Монғолиямен шекара өткелдері жұмысын тоқтатқан. Жүк тасымалы тек теміржол арқылы ғана жүзеге асырылады. 

Ержан Қаршыбеков, кәсіпкер:

- Кәсіпкерлер болсын, іс-сапармен баратындар болсын, емделу жағына келетіндер, одан кейін студенттер оқу мәселесімен бару ақпан айында тиімсіз. Одан бөлек қонақүйлердің бағалары көтеріледі. Авиабилеттер қымбаттайды. 

Негізі қытайлар көктем мерекесін 40 күн бойы тойлайды. Соның ішінде 15-23 ақпан аралығында мемлекет бойынша ресми демалыс жарияланған. Ешбір мекеме жұмыс істемейді. Қытайға сапарлау жоспарда болса осыны ескерген абзал. 

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz