RU
Толық нұсқаға өту

ЖИ жасаған иіссу

22.02.2026, 18:00 265

Жасанды интеллект зауыт пен зертханада ғана емес, парфюмерия әлемінде де қолданылып жатыр.

Парижде әркім өзіне тән хош иіс жасап көре алатын студиялар бар. Енді сол процеске жасанды интеллект те қосылды. 

Құндылықтар өзгерген сайын, индустрия да жаңаруда. Бүгінде дайын иіссудың иесі болу жеткіліксіз. Ең бағалысы жалғыз дана болып жасалған хош иіске ие болу, тіпті оны өз қолыңмен жасау. Осындай ерекше тәжірибені Париж орталығындағы парфюмерлік студия 20 жылдан бері ұсынып келеді. Мұнда келушілер өз талғамына қарай иіссудың жоғарғы, орта және төменгі ноталарын таңдап, нағыз «өз» ароматтарын жасай алады.

Ал бұл студияның жуырда көпшілікке ұсынылатын жаңа қызметі. Lylo жүйесі – арнайы сұрақтар арқылы аромат формуласын ұсынатын жасанды интеллектке негізделген «ақылды» алгоритм. Оны студияның тең құрылтайшысы Патрис Дана жасап шыққан. Ол бұл жобада ІТ-технология саласындағы және парфюмериядағы көпжылдық тәжірибесін біріктірген. Жүйе студия ашылған күннен бері жиналған ауқымды клиенттік дерекқор негізінде жұмыс істейді. Жаңашылдық парфюмерия индустриясына қауіп төндірмей ме деген сауалға Патрис керісінше жауап береді.

Патрис Дана, парфюмерлік студия директоры:

- Бүгінде жасанды интеллектті кәсіби дағдыларды алмастыратын құрал ретінде емес, керісінше оларды күшейтетін мүмкіндік ретінде түсіну керек. Біз ЖИ-ді парфюмерді ауыстыру үшін емес, оның клиентті жақсырақ түсінуі, қажеттілігін дәлірек анықтауы және тиімдірек жұмыс істеуі үшін жасадық. Бұл 40 жыл бұрын қаламмен жазудан мәтіндік редакторға көшу секілді. Жазушылар жоғалып кеткен жоқ, керісінше жаңа құралдарға ие болды. Парфюмерияда да солай – бізде индустрияға қауіп бар деген қорқыныш жоқ.

Жүйе шетелде сынақтан өтті. Бір жыл бұрын әлемдік электронды платформа ЖИ мен парфюмерия түйіскен жобаларға халықаралық байқау жариялап, оны дәл осы париждік студия жеңіп алды. Соның нәтижесінде Канн, Нью-Йорк және Лас-Вегаста 15 мыңнан астам адам жүйені қолданып көрді. Әзірлеушілердің айтуынша, клиент күткен нәтиже мен ұсынылған формуланың сәйкестігі өте жоғары болған. Жасанды интеллект адамның көңіл күйін «сезіп», жағымды эмоция тудыратын ноталарды ұсына алады. Біздің тәжірибеміз де оң нәтиже берді.

Патрис Дана, парфюмерлік студия директоры, ЖИ жасаушы:

- Жасанды интеллект әр тілдегі жауаптардың семантикасын түсініп, ароматты мәдени ерекшеліктерге бейімдей алады. Француз ретінде мен беретін жауап америкалықтың, қазақстандықтың немесе қытайлықтың жауабынан өзгеше болуы мүмкін. ЖИ осы айырмашылықтарды ескеріп, әр адамға жеке аромат ұсынады. Бұл тұрғыда ол өте тиімді құрал.

Лена Данник, парфюмерлік студияның PR-менеджері:

- Парфюмерия әлемі тұтас бір ғалам. Бұл терең тарих та, өнер де. Мен күн сайын жаңа нәрсе үйренемін. Бізге туристер көп келеді. Француздар мен шетелдіктер шамамен тең. Шеберлік сабағы әсіресе шетелдіктерге ұнайды, өйткені парфюмерия француз мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Жүйе авторының айтуынша, бүгінде ірі парфюмерлік үйлердің зертханаларында жасанды интеллект қолданылады, тек оны жариялай бермейді. 2026 жылы сала өсімі одан әрі жеделдейді деп күтілуде. Нарықта жеке тапсырысқа негізделген өнімдер мен гендерлік бейтарап ароматтар сұранысқа ие. Яғни иіссуды ер немесе әйел деп бөлмей, әркім өзіне ұнағанын таңдайды.

Айдана Карибжанова, Руслан Омиржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz