Доллар арзандады.
Бірақ көк қағаздың құны қазір түскенмен, ертең қайта қымбаттайды деген сенім қалыптасқан. Қаржыгерлер осы сеніммен бұдан 1 жыл бұрын қандай жағдай болса да, Президент Дональд Трамп қандай саясат ұстанса да, доллардың құны сол қалпында қалады деген еді.
Бірақ сарапшылардың ол ойы қазір өзгерген. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені былтырдың өзінде көк қағаз 10 пайыздай арзандады. Бұдан әрі қалай болады? Қаржыгерлер енді не дейді?
Биыл доллар тағы арзандайды. Жылдың аяғына дейін құны шамамен 4-5 пайыз түсуі мүмкін. Бұл қаржы жүйесіндегі танымал ING банкі қаржыгерлерінің болжамы. Былтырдың өзінде көк қағаз 10 пайыздай құлдырады. Сарапшылар бұл Президент Трамптың агрессивті сыртқы және ішкі саясатының салдары дейді. Қазір доллар индексінің осы күйде тұруына инвесторлардың Америка активтеріне құйылған қаражаты мен құнды қағаздар нарығының тұрақтылығы ғана сеп болып тұр. Егер осы екі фактор әлсіресе, Америка валютасының құны одан ары төмендейді, - дейді қаржыгерлер.
Валери Урбен, Euroclear басшысы:
- Бұрын инвесторлар долларды сатып алғанда “құны түсіп кетсе, не болады?”деп мүлде уайымдамайтын. Өйткені тұрақты әрі сенімді валюта саналатын. Ал қазір олар доллар арзандаса шығынды қалай өтейміз? АҚШ-тан басқа қайда ақша салуға болады? деген сұрақтарды ашық қоя бастады. 2025 жылы Азия, Қытай және Таяу Шығыстағы ірі инвесторлар капиталын өзге нарықтарға бағыттай бастады.
АҚШ-тың сыртқы қарызы $39 трлн жуықтады
Долларға қауіп бар. Өйткені АҚШ-тың қарыз-құрызы бастан асады. Қазір 39 трлн долларға жуықтады. Бұл аздай Америка жылына 1 трлн 200 млрд доллар сыртқы капиталға мұқтаж. Осы уақытқа дейін шетелдік инвесторлар АҚШ экономикасына 30 трлн доллар салған. Соның 13 трлн доллары еуропалық инвесторларға тиесілі. Алайда билікке Президент Трамп келгелі, Еуропаға қарсы қатаң сауда саясатын жүргізе бастады. Тіпті Гренландияға көз салды. Сөйтіп, қазір екі ара суып кетті. Алайда қарт құрлық елдері АҚШ-тан капиталын бірден шығара алмайды. Өйткені өзгеден бұрын әуелі өз экономикасы шайқалуы мүмкін. Сондықтан Еуроодақ бүкіл капиталды бір елдің жетегіне байлап қою саясатынан кезең-кезеңімен бас тартпақ.
ЦИТАТА: Пол Кругман, экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері
- Құрама Штаттар доллардың жаһандық үстемдігін сақтап қалуға әлі де мүмкіндігі бар. Өйткені АҚШ-тың қаржы жүйесі дамыған. Капитал нарығы ашық. Заң үстемдігі сақталған. Дамыған институттар бар. Бұл жерде Президент Дональд Трамптың саясаты шешуші рөл атқарады. Доллардың құнсыздануын Ақ үй басшысы ғана тоқтата алады.
Долларға сенім азайды
Президент Трамп мемлекеттік қарыз бойынша төлемдерді азайту үшін Федеральды Резерв жүйесі базалық мөлшерлемені түсіру қажет деп санайды. Сондықтан Құрама Штаттар Орталық банк басшылығына өзінің айтқанына көнетін үміткерді ұсынбақ. Алайда базалық мөлшерлеме төмендесе, инвесторлар табысы жоғары өзге елдің нарығына кетуі мүмкін. Бұл бірінші кезекте доллардың арзандауына әкеледі, дейді қаржыгерлер. Сондай-ақ Батыстың Ресейді экономикалық қыспаққа алуы Америка валютасының құнына кері әсер етті. Өйткені АҚШ пен оның одақтастары Мәскеудің шетелдік резервтерге қолжеткізу мүмкіндігінен айырып қана қоймай, көк қағаздың қолдану аясын да тарылтқан.
ЦИТАТА: Дмитрий Песков, РФ Президентінің баспасөз хатшысы
- Ешкім долларды пайдаланудан өз еркімен бас тартқан жоқ. Оны басып шығаратын ел АҚШ. Бірақ Құрама Штаттар сол валютаны қолдануға өздері шектеу қойып отыр. Сондықтан балама төлем жолдары мен басқа валюталарды қолдануға тура келді.
Долларға сенім азайды
Қалай десек те, бұған асып-сасып жатқан Президент Трамп жоқ. Ақ үй басшысының айтуына қарағанда, көк қағаз әлсіресе, әлдеқайда көп ақша табуға болады. Яғни арзан доллар экспортты ынталандырады, - дейді. Есесіне АҚШ-қа импортталатын тауарлардың бағасы қымбаттайды. Ал бұл бірінші кезекте америкалықтардың қалтасына салмақ салары анық.
Қазір алтын нарығындағы ахуал көк қағазға деген сенімнің жоғалып бара жатқанын анық көрсетіп отыр. Өйткені кейінгі уақытта инвесторлар сенімді актив ретінде долларды емес, алтынды таңдайды.
Тегтер #доллар #АҚШ #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz