RU
Толық нұсқаға өту

Ақ аюлар семіре бастады

24.02.2026, 08:44 207

Жаһандық жылу адамзатты алаңдатқанмен ақ аюларға жағып тұр.

Өйткені мұз көшсе тентіреп кетеді деп жүрген хайуандар қазір семіре бастаған. Кеудесіне май жинап, салмақтары артқан.

Бұған себеп азық көбейді. Мұз еріп, жұқарған соң балық пен итбалықты аулау оңайлады. Сөйтіп ақ аюлар жемін еш қиналмай тауып, көп жүрмей семіріп жатыр. Бірақ тіршілік бұларға қазір оңай болғанмен ертең қиындай түсуі мүмкін.

Бұл Норвегияның солтүстігіндегі Шпицберген аралдары. Мұнда қазір климаттың өзгеруіне байланысты теңіз бетіндегі мұз еріп жатыр. Алайда арктикалық архипелагты мекендейтін ақ аюлардың жағдайы жайлы. Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, 1992 жылдардан бері жыртқыштар әлдеқайда толған. Денсаулықтары да біршама нығайған. Бұл ғалымдар үшін күтпеген жаңалық болса керек.

Йон Аарс, Норвегия полярлық институтының жетекші зерттеушісі:

- Аю неғұрлым семіз болса, соғұрлым мықты болады. Теңіз мұзының айтарлықтай еріп жатқанынан жануарлардың жағдайы нашарлап кететін шығар деп ойлаған едік. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Бұл олардың қорегі едәуір қолжетімді бола түскенімен байланысты болуы мүмкін. Итбалықтар еріген шағын мұздың айналасына топ-тобымен жиналады. Кейін аюлардың оларды ұстауы оңай болады.

Ғалымдар 770 аюды бақылап, зерттеу жүргізген. Маймақтабандылардың қорегі - теңіз жануарлары арасындағы майлы тағамның негізгі көзі саналатын итбалық. Алайда зерттеу барысында ғалымдар олардың бұғы мен сойдақтістілерді де аулағанын байқаған. Осылайша жыртқыштар климаттың өзгеруіне бейімделіп жатыр.

Десе де, табиғат заңдылығына қарсы келу мүмкін емес. Ақ аюлар үшін теңіз мұзы ауадай қажет. Сондықтан қазір оң өзгерістер байқалғанымен, бұл ұзаққа созыла қоймайтыны анық. Келешекте мұздың еруі жануарларға қауіп төндіреді - дейді мамандар. Оның үстіне жағадағы мұз толығымен еріп кетсе, аюларға шалғайға қарай ығысуға тура келеді. Яғни бойына жинаған майын көптеп жұмсауға мәжбүр болады.

ЦИТАТА: Джон Уайтман, халықаралық полярлық аю ұйымының бас ғылыми қызметкері

- Аюлардың осы түріне қатысты өзге зерттеулер ұрғашы аюлар мен қонжықтар мұздан алшақ мекендесе, өмір сүру ұзақтығы төмендейтінін көрсеткен. Сондықтан мұздың асқан жылдамдықпен еруі жалғаса берсе, аюлар ақыр соңында жоғалып кетуі мүмкін.

Арктикада полярлық аюлардың 20-ға жуық субпопуляциясы кездеседі. Шпицбергендегі маймақтар бір кездері аң аулаушылардың нысанасына ілікті. Тіпті біршамасы аңшылардың қанжығасында кетті. Алайда 1970 жылы жыртқыштар халықаралық деңгейде қорғауға алынды.

Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz