RU
Толық нұсқаға өту

Ауғанстан әйел мен баланы ұруға рұқсат берді

25.02.2026, 07:20 163

Әйел мен баланы ұрып-соғуға рұқсат. Ауғанстан билігі осындай заң қабылдады. Бұл жөнінде британдық The Telegraph басылымы хабарлады.

Адам шошырлық бұл әрекет ешқандай халықаралық нормаға сай келмейді. Біріккен ұлттар ұйымының дерегі бойынша, жер бетінде күн сайын 137 әйел мен кәмелетке толмаған қыз бала осындай жауыздықтан көз жұмады.      

Ауған әйелі ауыр жарақат алып, аяқ-қолы көгермейінше сотқа шағымдана алмайды. Ол дәлелденген күннің өзінде, ең жоғарғы жаза бар жоғы 15 күнге қамаумен шектеледі. Талибан бекіткен ереженің алғашқы тармақтары осылай. Кодексте әйелдерге қатысты физикалық, психологиялық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа тыйым салатын ережелер жоқ.   

The Тelegraph:

- 34-бап. Күйеуінің рұқсатынсыз ата-анасының үйіне кеткен әйел 3 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қамқорлық көрсеткен туыстары да дәл осындай жазаға тартылады.   

Осыған дейін ауған қоғамында мәжбүрлі неке, тұрмыстық зорлық-зомбылық заңсыз деп танылып келді. 2021 жылы билікке қайта оралған Талибан Ауғанстандағы әйелдердің құқықтарын жүйелі түрде шектеп келеді. Біріккен Ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, ауған әйелдерінің 78 пайызының білімі жоқ. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл ерте жүктілік көрсеткіші 45 пайызға, ана өлімі 50 пайызға артуы мүмкін. Бұл ауған қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, саяси қысымға ұшырағанын білдіреді.

UN Women: 

- Талибан билігі әйелдер мен қыздардың құқықтарын шектейтін ондаған директива шығарды. Қыздарға орта мектептерде оқуға тыйым салынған. Әйелдерге университеттерге, жұмыс орындарына, тіпті саябақтар, спорт залдары сияқты қоғамдық орындарға баруға рұқсат жоқ. Әрі елдегі гуманитарлық дағдарыс пен кедейлік халықтың сапалы өмір сүруіне кері әсерін тигізіп отыр.

Заңда балаларға қатысты ережелер де қатаң. 48-бап бойынша, әкесі баласын 10 жасынан ұрып соғуға толық құқылы. Бұл баланың тәрбиесі үшін жасалған деп қарастырылады. Ал 9-бапта халықты деңгейіне қарай 4 топқа бөліп, әрқайсысына жаза әртүрлі бекітілген. Егер жоғары тап өкілі ауыр қылмыс жасаса ол сотқа шақырумен шектеледі. Ал төменгі тап өкілі бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Авторы: Фариза Жанғанаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz